Айдос Үркімбаев «Толағай сұлтаны» сайысының жеңімпазы атанды

1374
көрілім

Көкпекті ауданында екі күнге жалғасқан «Толағай сұлтаны – 2019» халықаралық-шығармашылық сайысы аяқталды. Екі кезеңде өз қабілеттерін байқаған 23 қатысушының арасынан оза шапқан өрендер есімі белгілі болды, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Толағай тауының баурайындағы айтулы шара бұл жолы халықаралық деңгейде ұйымдастырылды. Облыстың әр түкпірінен, еліміздің бірқатар аймақтарынан, сондай-ақ Моңғолияның Баян-Өлгей аймағынан келген қатысушылар бар. Облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Арайлым Есімбекованың айтуынша, осындай додалар ұлт рухының асқақтауына, жастардың жігерін жануға себепкер. Оның үстіне, екі кезеңдегі сайыс түрлерінен бірдей жоғары ұпай жинау қаншалықты мүмкін екендігіне жауап алуға көз жеткізуге болады.

Қатысушылар алдымен жамбы ату, теңге ілуден шама-шарқыларын байқады. Алайда барлығына бірдей нысанаға дөп тигізіп, тұлпармен шауып келе жатып жердегіні іліп әкету мүмкін болмады. Десе де қазақ күресі мен қол күресінен бар мүмкіндіктерін паш етті. Мұнда Алматы облысынан келген Мейрамбек Рахимбаев үздік шықты. Екінші орын бесқарағайлық Данияр Бекболатұлына, үшінші орын Абай ауданының намысын қорғап келген Айдос Үркімбаевқа бұйырды. Бұл жерде жеңімпазға 23, Даниярға 21, Айдосқа 19 ұпай берілді. 

Бүгін жеңістен үміттілер таныстыру, өз өнерін көрсету және викториналық сұрақтарға жауап беруден сынға түсті. Бұл жерде салт-дәстүр, хакім Абайдың шығармалары, қазақ тарихының қалыптасу кезеңіне қатысты сұрақтар бойынша әрқайсысы екі сауалға жауап берулері тиіс еді. Дегенмен дұрыс жауап беру тек бірнеше жігіттің қолынан келді. Өз кезегінде қазылар тарапы да қырағылық танытып, бұра тартуды болдырмауға баса назар аударды.

Сонымен екі күнге жалғасқан ауқымды аламанда былтырғы жеңімпаз Абай ауданының өкілі Айдос Үркімбаевтың мерейі тасып топ жарды. Оған ұйымдастырушылар тағайындаған су жаңа «Гранта» автокөлігі табысталды.

Бірінші орын иеленген түркістандық Әкбар Елубайұлына 1 млн теңге, екінші орынға жайғасқан қарағандылық Тілеухан Нұрхан 700 мың, сондай-ақ үздік үштікті түйіндеген павлодарлық Батырбек Қошқарбаев 500 мың теңге көлемінде қаржылай сыйлық табысталды. Тағы сегіз аталым бойынша 100 мың теңгеден, қалған қатысушыларға ынталандыру сыйлықтары берілді.

Әділхан ЕСІМХАНОВ