Банк бөлімшелері ашылады

444
көрілім

Жақын жылдары шетелдік банктерге Қазақстан аумағында филиалдарын ашуға мүмкіндік берілмек, деп хабарлайды газет тілшісі Baq.kz сайтына сілтеме жасап.

2020 жылы шетелдік банктер Қазақстанда филиалдарын аша алады. Бұл туралы Дүниежүзілік сауда ұйымы жанындағы Қазақстанның тұрақты өкілі Жанар Айтжанова мәлімдеді.

- Дүниежүзілік сауда ұйымына кірер алдында қойылған міндеттерді орындап жатырмыз. 2020 жылы біз шетелдік банктерге Қазақстанда филиалдарын ашуға мүмкіндік береміз. Осылайша, олар Қазақстан аумағында қызмет көрсете алады, - деді өкіл, Астанада өткен «Көпжақты сауда жүйесінің болашағына еуразиялық көзқарас: Дүниежүзілік сауда ұйымына қосылу және Дүниежүзілік сауда ұйымы қағидаларының эволюциясы» атты дөңгелек үстел отырысы барысында.

Оның пікірінше, шетелдік банктердің Қазақстанның қаржы нарығында жұмыс істеуі бәсекелестікті арттырып, көрсетілетін қызметтердің сапасын көтеруге жол ашатын көрінеді. Сондай-ақ қарапайым тұрғындар ипотекалық несиені АҚШ пен Еуропа елдеріндегі сияқты төмен пайыздық мөлшерлемемен алуы мүмкін екен.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан шамамен 20 жылға созылған келіссөздер нәтижесінде 2015 жылдың шілдесінде Дүниежүзілік сауда ұйымына ресми түрде мүше болған болатын.

Азамат ТЕМІРБЕКОВ