Биылғы жылы бірқатар сынып мұғалімдерінің еңбекақылары үстемеленеді

492
көрілім

Өткен аптада биылғы оқу жылының аяқталатын мезгілі мен мемлекеттік емтихандарды тапсыратын уақыт белгілі болды. Еліміздің бас педагогының бұйрығымен бекітілген құжат биылғы оқу жылын өзгеріссіз, бұрынғыдай 25 мамырда аяқтамақ. Демек, соңғы қоңыраудың соғылуына санаулы уақыт қалды. Ата-ана мен оқушының да, ұстаздың да дегбірін кетіретін мезгіл міне басталды. Десек те, жыл сайын реформалатып тұратын білім саласы биыл да біраз өзгерістерден кенде емес. Атап айтсақ, екі айға созылатын жаздық каникулдан соң мұғалімдердің жалақылары көтеріліп, кейбір сыныптар жаңартылған оқу жүйесіне көшеді, бірнеше пән ағылшын тілінде оқытылып, мектептер жаңа кабинеттермен жабдықталады. Бұл жөнінде Өңірлік бұқаралық ақпарат құралдары алдында баспасөз мәслихатын өткізген облыстық Білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Әсел Қайырбекова мәлімдеді.

Аяқталуға жақын

Қазақстанның Білім және ғылым министрі оқу жылының аяқталуы мен мектеп бітіру емтихандарын өткізу уақытын бекітті.

Министрдің "2017 - 2018 оқу жылын аяқтау және орта білім беру ұйымдарының білім алушыларын қорытынды аттестаттаудан өткізу туралы" 2018 жылғы 27 ақпандағы № 74 бұйрығына сәйкес, меншік нысанына және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан орта білім беру ұйымдарында оқу сабақтары 2018 жылдың 25 мамырында аяқталады.

9 (10) сынып оқушыларының қорытынды бітіру емтихандары - 2018 жылғы 28 мамыр - 8 маусым, мемлекеттік бітіру емтихандары - 2018 жылғы 29 мамыр - 30 маусым аралығында өтеді.

1) Таңдау бойынша пәннен (физика, химия, биология, география, геометрия, Қазақстан тарихы, дүниежүзі тарихы, әдебиет, шетел тілі (ағылшын, француз, неміс), информатика) ауызша емтихан - 2018 жылғы 28 мамырда;

2) орыс, өзбек, ұйғыр және тәжік тілдерінде оқытатын мектептерде қазақ тілінен ауызша емтихан және қазақ тілінде оқытатын мектептерде орыс тілінен ауызша емтихан - 2018 жылғы 31 мамырда;

3) ана тілі мен әдебиетінен жазбаша емтихан (оқыту тілі бойынша) (гуманитарлық циклдегі пәндерді тереңдетіп оқытатын мектептердің білім алушылары үшін - шығарма, қалған білім алушылар үшін - диктант) - 2018 жылғы 5 маусымда;

4) математикадан жазбаша емтихан - 2018 жылғы 8 маусымда өткізіледі.

11 (12) сынып оқушылары үшін емтихандар 2018 жылдың 29 мамыр - 9 маусым аралығында өткізіледі.

1) ана тілі және әдебиетінен (оқыту тілі) жазбаша емтихан - 2018 жылғы 29 мамырда;

2) таңдау бойынша пәннен (физика, химия, биология, география, геометрия, дүниежүзі тарихы, әдебиет, шетел тілі (ағылшын, француз, неміс), информатика) тестілеу - 2018 жылғы 2 маусымда;

3) орыс, өзбек, ұйғыр және тәжік тілдерінде оқытатын мектептерде қазақ тілінен тестілеу және қазақ тілінде оқытатын мектептерде орыс тілінен тестілеу өткізу - 2018 жылғы 31 мамырда;

4) алгебра және анализ бастамаларынан жазбаша емтихан - 2018 жылғы 6 маусымда;

5) Қазақстан тарихынан ауызша емтихан - 2018 жылғы 9 маусымда өткізіледі.

Оқушылар қорытынды аттестациядан 2018 жылдың 12 - 30 маусым аралығында қайтара өте алады.

Келісімін бере ме?

- 2017-2018 оқу жылында 1, 2, 5, 7 сыныптар жаңартылған оқу мазмұнына көшірілді, - дейді Әсел Қайырбекова. - Ал алдағы оқу жылында, яғни бірінші қыркүйектен бастап 3, 6 және 8 сынып оқушылары жаңартылған мазмұндағы білім алу жүйесіне көшіріледі. Оған қоса бескүндік оқу аптасы енгізілді. Мұнымен қатар, 2019 жылдан бастап 10, 11 сынып оқушыларына физика, химия, биология және информатика пәндерін ағылшын тілінде оқытуды бастамақпыз.

Дегенмен, үштілділік бағытындағы бағдарлама аясында қолға алынған бұл істе басты рөлді ата-аналар ойнайтын сияқты. Атап айтсақ, баласына кейбір пәндерді ағылшын тілінде оқытуға ата-ана қарсылығын білдірсе, ол пән ана тілінде жүргізілетін болады.

- Өңірімізде 900 пән оқытушысы көптілділік курстарынан өтті. Оның 807-сі пәндерді ағылшын тілінде оқытуға құқық беретін сертификаттар алып, жалақылары үстемеленді. 397 мұғалім А2 деңгейіндегі ағылшын тілін меңгеру сертификатын алса, 387 мұғалім ағылшын тілін В1, В2 деңгейінде меңгеріп, қыркүйектен бастап оқушыларға пәндерді ағылшын тілінде оқытуға мүмкіндік алды. Балаларға аталмыш төрт пәнді ағылшын тілінде оқытуда қамқоршылық кеңестері мен ата-аналардың шешімдері керек болады, - деп қосты Әсел Қанатқызы.

Үстемақы үстемеленеді

Оқу жылы қорытындыланып, жазғы каникулдар аяқталған соң ұстаздарға жаңа леп беретін жағымды жаңалықтың бірі бірқатар сыныптарға сабақ беретін мұғалімдер жалақыларының көтерілуі. Басқарма өкілінің айтуынша, білім жүйесінің жаңартылған мазмұнға көшуіне байланысты қаржыландыру көлемі де өскен.

- 2018 жылы 103,4 миллиард теңге қарастырылған, - деп қосты Әсел Қанатқызы. - Бес мыңнан астам 3, 6, 8 сынып мұғалімдері қайта даярланып, аталмыш сыныптар жаңа оқулықтармен қамтылады. "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында 476 физика, химия, биология және информатика кабинеті қайта жабдықталып, 272 робототехника кабинеті кәсіпкерлердің демеушілігімен ашылады.

Биылғы оқу жылының соңына дейін 1, 2, 5 және 7-ші сынып мұғалімдерінің жалақылары, ал бірінші қыркүйектен бастап 3, 6 және 8-ші сынып мұғалімдерінің жалақылары көтеріледі.

- Елбасының тапсырмасына сай олардың еңбекақылары лауазымдық жалақының 30 пайызы көлеміндегі деңгейіне жоғарылайды. Сонымен қатар мүғалімнің біліктілік деңгейіне қарай жалақы төленетін жаңа жүйе енгізіледі. Біліктілік санаты Ұлттық біліктілік тесті арқылы белгіленетін болады. Яғни белгіленген біліктілік бойынша мұғалімге төленетін еңбекақы лауазымдық жалақының 30-дан 50 пайызына дейінгі аралығында өседі, - деп қосты басқарма басшысының міндетін атқарушы.

Ұстаздардың педагогикалық шеберліктеріне қосылатын үстемақы шамамен республикалық бюджетке 4 миллиард теңгеге түспек. Ал бүгінгі таңда министрліктің қарауына жолданған бюджеттік тапсырыс сәуір айында мақұлданып қала ма деген үміт бар.

***

Бүгінде өңіріміздегі 663 мектепте 183 мыңнан астам оқушы білім алуда. Дегенмен соңғы уақытта бастауыш және негізгі мектептер саны арта бастады. Бұл дегеніміз ауыл-аймақ тұрғындарының біртіндеп азайып бара жатқандығының бір көрсеткіші. Ал ұстаздың қадір-қасиетін қайтарып, жалақысын өсіру бірінші кезекте осы үрдісті аз да болса азайтуға бағытталған шараның бірі болар. Қалай десек те бүгінгі күні қолға алынған реформалардың жемісін болашақта көретініміз айдан анық.

Азамат ТЕМІРБЕКОВ