Бородулиха ауданында ішімдікке масайған әйел күйеуіне пышақ сұққан

269
көрілім

Үйге келген қонақтарға арақ құйған ерлі-зайыптылардың өздері де ащы судан бас тартпаған. Әуел баста әйелінің ішімдіктен ұрттауына қарсылық танытпаған күйеуі, біраз уақыттан соң «Сен неге ішіп отырсың?» деп оны шапалақпен тартып жібереді. Сол кезде зығырданы қайнаған әйел адам қолына ас үй пышағын алып, зайыбына атыла жөнелген. Осыған байланысты сот ісі Бородулиха аудандық сотында қаралды, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Дмитриевка ауылы Шевченко көшесіндегі жер үйде тұратын Екатерина Малышева (аты-жөндері толықтай өзгертілген) құрбысымен әңгіме-дүкен құрып отырғанда қонаққа ағасы келген. Дастархан басына жайғасқан үшеуі Екатеринаның қайтыс болған енесін еске алып, ішімдік ішеді. Сағат 20.00 шамасында жұмыстан келген күйеуі Владимир дүкеннен бір бөтелке арақ сатып алып келеді. Сөйтіп төртеуі бірге бөтелкелес болған.

Дәс әуелі ер адам масайыңқырап отырған жұбайына ләм-мим деп жақ ашпады. Бірақ араға біраз уақыт салып өзі ащы суға қыза бастағанда Екатеринаның ішкенін кенеттен жақтырмай қалған. «Сен неге ішіп отырсың?» деп айқайлаған еркек оны шапалақпен бетінен осып жібереді. Мұны көрген әйел адамның ағасы қарындасына араша түсіп, Владимирмен ерегесе кетеді. Қаны басына шапшып бұлқан-талқан болған үй иесі «Біздің шаруамызға араласпа!» деп қайын ағасын жағасынан алады. Осы кезде сабыр суы сарқылған 41 жастағы азаматша ас үй пышағын шап беріп, күйеуінің арқасына 2 рет сүғып жіберген. Ауыр дәрежедегі дене жарақатын алған еркек жерге құлап түседі. Есін жиған Екатерина бірден жедел жәрдемге қоңырау шалған. Оқиға орнына келіп жеткен медицина қызметкерлері Владимирді орталық аудандық ауруханаға жеткізіп, ота жасап аман алып қалады.

Бородулиха аудандық сотында қаралған сот отырысында айыпталушы өз кінәсін толықтай мойындап, істеген ісіне қатты өкінетіндігін жеткізді.

– Күйеуім маған «ішпе» деп тыйым салмаса да, ізденіп қол көтерді. Онымен қоймай, мені жақтап шыққан ағамды соққыға жықты. Бұл бассыздығын доғаруын талап еткенімде сөзіме мүлде құлақ аспады. Өзімнің қалай қолға пышақ алғанымды да байқамай қалдым, – деп жауап берді Екатерина Малышева.

Владимир болса әйелін кешіретіндігін жеткізіп, судьядан ауыр жаза тағайындамауды сұрады. Олардың 3 балалары бар екен.

Сот үкімі бойынша сотталушы Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 106-бабы, 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, 3 жыл мерзімге бас бостандығынан шектелді. Сонымен қатар ол 100 сағаттық мәжбүрлі еңбекке тартылды. Үкім толықтай заңды күшіне енген.

Асқар ТҰМАРБЕК