Бозкілемде белдесті

427
көрілім

Өскеменде дзюдодан Марат Чегеевті еске алуға арналған дәстүрлі халықаралық жарысы өтті. Татами бәсекесінде өз салмағының үздігі атануға еліміздің түкпір-түкпірінен, сондай-ақ Ресей, Өзбекстан елдерінен де келген екен.

Қатысушылар тек жүлде үшін емес, спорт шебері атағын орындауды да мақсат етті. Ал бұл нормативті тек алтын медаль иеленгендер ғана орындайтын-ды. Әр спортшы жеңіске деген жігер танытып, жанкештілікпен күресті. Аймақ спортшыларынан дзюдо орталығында жаттығатын Бахтияр Ағзамов спорт шебері атағын орындаса, Талғат Әміренов ауыр салмақта алдына жан салмады. Сондай-ақ жарыстың салтанатты бөлігінде бапкерлер мен жаттықтырушыларды сертификатпен, дан белгісімен және куәлікпен марапаттады.

Халықаралық сайыстың жеңімпаздары жайлы айтар болсақ, қыздар арасындағы барлық салмақтарда Алматы қаласы мен Алматы облысының спортшылары топ жарды. Ал ұлдар арасында Қызылорда, Алматы, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарының палуандары жеңімпаз атанды.

Айбын АМАНГЕЛДІҰЛЫ