Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ бірінші курсқа түскен 2000 студентпен толықты

933
көрілім

Облыс бойынша іргелі оқу орындарының бірі саналатын білім ордасы кезекті студенттерге есігін айқара ашты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Алдымен оқытушылық құрам, ғылыми кеңес мүшелері, профессорлар топ бастап, ары қарай әр мамандық өкілдері, студенттер салтанатты шеру жасап, жиынның басталуын жеделдетті. Әр мамандықта мақтан етер жетістік жетерлік. Арысы халықаралық деңгейлерде жоба қорғап, пәндік олимпиадаларда оза шапқан.

- Студенттердің заманауи Қазақстанда бәсекеге қабілетті болулары үшін қалыптасқан тұлға, білікті инженер атанатындықтарына сенім мол. Бұған аға буын өкілдері бағдар болып, тәжірибелерімен бөлісетіндіктері сөзсіз. Мәселен, ғылыми кеңес мүшелері университеттегі стратегиялық басқаруды жүзеге асыра алады. Бұлардың құрамы үш жылға бекітіледі. Ректор, проректорлардан бөлек, студенттік өзін-өзі басқаруға ат салысатын жастар ісі жөніндегі комитет өкілдері бар, - деді шара ұйымдастырушылар.

Биыл ШҚТУ 2000 бірінші курс студентімен толықты. Университет басшылығының сөзінше, алыс-жақын шет елдерден келгендер қарасы аз емес. Биылдан бастап жаңа дәстүрді қосу бар. Студенттер бір жылда үш семестр оқиды. Одан бөлек, пәндік олимпиадаларды жиі өткізіп, ғылыми конференциялар арасын суытпау басшылықта тұрмақ.