Диана Лейн: Тіл үйренуге талпыныс керек

369
көрілім

Мемлекеттік тілді меңгергісі келетіндер күннен күнге көбейіп келеді. Оның ішінде қазақ тілін үйренуді тек міндет ретінде қарап қоймай, зор қызығушылық танытып, өздігінен талпынатындар баршылық. Бұл туралы «Эйнштейн» тіл үйрету орталығының директоры Диана Лейн айтып берді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

«Қазақстанда тұрасың ба, қазақша сөйле». Бұл әлеуметтік желілерде қызу талқыға түсетін сөздердің бірі. Әлбетте, осында тұратын кез келген адам мемлекеттік тілде сөйлей білу керек. Даусыз ақиқат. Бірақ қазақ тілін үйренуге адамның зор құлшынысы мен биік ынтасы болса нәтиже де жылдам болады. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Диана Лейннің пікірі осындай. Өскеменде қазақ тілін үйрету қаншалықты жолға қойылғандығын білу үшін «Эйнштейн» орталығының директорын әңгімеге тартқан едік.

- Ашыла салған сәттен-ақ қазақ тілін үйрететін орталығымыздың жұмысы қызып кетті. Біздің орталыққа балалар да, ересектер де келіп білім алады. Менің бақылауымша, халық арасында қазақ тілін үйренуге деген талпыныс артуда. Оқушылар көбінесе мектеп бағдарламасын білу үшін қазақ тілін үйренуге келеді. Ал орта жастағы адамдар жұмыста қажеттілік туындаған кезде немесе еркін әңгімелесу үшін бізге жүгінеді. Ең алғаш курсқа қатысқандар өздерін жақсы көрсетіп, мемлекеттік тілге деген сүйіспеншілігін паш етіп келеді, - дейді ол.

Диана Лейн балалардың есте сақтау қабілеті сергіту ойындары кезінде ерекше шынығатынын ескеріп, оны қазақ тілімен ұштастыруды жөн көреді. Әртүрлі ойындар кезінде қазақша сөздерді қолдану арқылы оларды күнделікті өмірде қолданысқа енетін сөздерге айналдыруға болады.

- Ата-аналар оқу бағдарламасын қазақ тілінде үйреніп алсын деп балаларды орталыққа жібереді. Бізде тек қана мемлекеттік тіл ғана емес, басқа да тілдерді меңгеруге мүмкіндік бар. Атап айтқанда, мектептен кейінгі оқыту сағаттары, ағылшын тілі, менталды арифметика деген сияқты үйірмелер бар. Мектептен кейінгі ұзартылған күн тобынан келген оқушымыз қазақ тілінде өткізіліп жатқан жарысты көріп қалған еді. Сол сәттен бастап қызығушылық танытып, анасына қазақ тілін меңгергім келеді деген өтініш айтып, біздің орталыққа келуді өтінген. Оқушылардың қазақ тіліне деген құлшынысы – басты жетістігіміз деп білеміз, - деді Диана Лейн.

Кейіпкеріміз жұмыста ғана емес, үйде де өз ұлына тіл үйретуде. Қарапайым тұрмыстық заттарды қазақ тілімен айтуды жөн көреді.

- Осы орталықтың директоры болсам да, тіл үйрететін маманнан қазақ тілінен сабақ аламын. Кейін жинақталған біліммен ұлым екеуміз бір-бірімізге әртүрлі сөздер айтып шынығамыз. Біздің тағы бір тәсіліміз – бос уақытымызда қызықты сөздер жаттап, қателіктермен жұмыс істейміз. Курсқа қатысатын ересек топтар естіген даулы мәселелерді, сөздерді жаттап келіп, кейін талқыға салады. Көпшілікпен талқыланған сөздер де тез жатталады. Тіл үйрену қиын деп санайтындарға төзімділік пен зейін жетіспейді деп ойлаймын. Шын жүректен шыққан ықылас қашанда кедергілерден шығатын жол сілтейді, - дейді Диана.

«Эйнштейн» орталығының директоры алдағы жоспарымен де бөлісті. Заман ағымына сай жаңа тәсілдерді жобаға еңгізіп, кез-келген тілді үйренуге жағдай жасамақшы.

Валентина ГЕОРГИЕВНА