Екі есеге еселенбек

271
көрілім

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов кеңейтілген кеңес барысында медицина қызметкерлерін шетелде оқытуға бөлініп отырған бюджетті екі есе өсіруді тапсырды. Сондай-ақ аймақ басшысы «7-20-25» бағдарламасы бойынша жергілікті бюджеттен бастапқы жарналарды ішінара субсидиялау механизмін құруды тапсырды.

Облысымызда «7-20-25» бағдарламасы бойынша бастапқы жарналарды субсидиялау жұмыстары қолға алынбақ. Бұл бюджеттік саладағы білікті қызметкерлердің ипотекаға қолжетімділігін арттырады. Қолжетімді баспанамен қатар тұрғындар үшін медициналық қызмет көрсету сапасы маңызды мәнге ие.

– Орташа әлемдік стандарт бойынша жабдықталған еліміздегі бірінші облыс боламыз. Бұл жаңа жабдықтарды қуалау емес - жаңа технологияларға ұмтылу. Денсаулық сақтау саласында қуып жетуші идеологиясынан озық кеткендердің қатарына қосылуымыз керек, – деп атап өтті Даниал Ахметов.

Бұл ретте ол жергілікті мамандардың құзырет деңгейін көтеру қажеттілігін атап өтті. 2019 жылдың 1 қаңтарына дейін жаңа жабдықтармен жұмыс істейтін дәрігерлер құзыретінің ортақ стандарттарын даярлау тапсырмасы берілді.

Аймақ басшысы сондай-ақ медицина қызметкерлерін шетелде оқытуға бөлініп отырған бюджетті екі есе өсіруді тапсырды. Тұрғындардың денсаулығына әсер ететін факторлардың бірі – сапалы ауызсу. Даниал Ахметов 2025 жылға дейін ауылдық елді мекендерді орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесімен 86 пайыз қамтамасыз ету міндетін қойды.

Біздің анықтама

ШҚО үш жылдық стратегиялық жоспарға сай қолға алынған маңызды жоба – дәрігерлерді оқытуға арналған үш деңгейлі бағдарлама. Оны жүзеге асыру үшін 1 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінген. Басымдық, онкология, кардиология, босандыру және ана мен бала денсаулығына берілді. Ерекше атап өтерлік жайт, 150 маман шетел клиникаларында арнайы іс-тәжірибеден өтпек.

Айбын АМАНГЕЛДІҰЛЫ