Ел Президенті зейнетақы мен бала туғанда берілетін жәрдемақыны өсіруге қатысты заңға қол қойды

771
көрілім

Мемлекет басшысы әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін жетілдіруге бағытталған «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
ҚР денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова 2017 жылы бала тууына байланысты берілетін жәрдемақы мен зейнетақы мөлшерінің қалай өсетінін түсіндіріп, 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап базалық және ынтымақты зейнетақы мөлшерінің 20 пайызға өсетінін хабарлаған болатын.
– 2017-2019 жылдарға арналған бюджетке сәйкес, ынтымақты зейнетақының мөлшері 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап 9 пайызға, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында 2017 жылдың 1 шілдесінен тағы да 11 пайызға ұлғайтылады. Мәселен, зейнеткердің зейнетақы мөлшері 2016 жылы 40 000 теңге болса, 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап 9 пайызға арттып, 43 600 теңге алатын болады. 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап тағы 11 пайызға ұлғайтылып, жалпы мөлшері 48 396 теңгеге жетеді. Осылайша, 2017 жылы ынтымақты зейнетақы мөлшері 2016 жылмен салыстырғанда 20 пайызға өседі. Базалық зейнетақы 2017 жылғы 1 қаңтардан 7 пайызға, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында 2017 жылдың 1 шілдесінен тағы да 13 пайызға ұлғайтылады. Мәселен, ағымдағы жылы егер базалық зейнетақы мөлшері 11 965 теңге болса, 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап 7 пайызға өсіп, 12 802 теңгені құрамақ. 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап тағы 13 пайызға көбейіп, жалпы мөлшері 14 466 теңгені құрайды. Осылайша, 2017 жылы базалық зейнетақы мөлшері 2016 жылмен салыстырғанда 20 пайызға артады, — деп түсіндірген еді Тамара Дүйсенова.

Сонымен қатар, Министр 2,1 миллионға жуық зейнеткердің зейнетақысын арттыру мақсатында республикалық бюджеттен қосымша 79,8 миллиард теңге бөлінетінін атап айтқан.
Жоғарыда аталған өзгерістерді ескере отырып, зейнетақының ең төменгі мөлшері (базалық зейнетақыны есептегенде) 2016 жылғы 37 789 теңгеден 2017 жылғы 1 шілдеде 45 711 теңгеге артады. Зейнетақының орташа мөлшері (базалық зейнетақыны есептегенде) 55 154 теңгеден 66 721 теңгеге дейін ұлғаяды.
Бала тууына байланысты берiлетiн бiр жолғы мемлекеттік жәрдемақы мөлшері 2017 жылғы 1 қаңтардан 7 пайызға, ал 2017 жылғы 1 шілдеден тағы 20 пайызға арттырылады. Нәтижесінде 2017 жылы 2016 жылмен салыстырғанда өсім 27 пайызға тең болады.