Ерекше тарту болмақ

619
көрілім

Шығыс Қазақстан басшылығы Түркістан облысына жарық-музыкалық субұрқақ сыйламақ. Бұл жөнінде республикалық бұқаралық ақпарат құралдары хабарлады.

Естеріңізге салсақ, Қазақстанның ежелгі қалаларының бірі жақында жаңадан құрылған Түркістан облысының (бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы) орталығы болып бекітілген еді. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша еліміздің оңтүстігінде орналасқан жаңа облыс орталығының абаттандырылуы мен құрылысының қарқындауына барлық облыстар атсалысуы қажет.

Шығыс Қазақстан Өскемен және Семей қалаларындағы басты алаңдарында салынған жарық-музыкалық фонтандарымен бүкіл республикаға әйгілі екені рас. Осы себепті біздің өңіріміз осындай ерекше сыйлықты Түркістан облысына тарту етуді жөн деп тапты.

Облыс әкімінің орынбасары Серік Ақтановтың айтуынша, әуенді субұрқақтың диаметрі 72 метрді құраса, субұрқақ суы 30 метр биіктікке көтерілетін көрінеді. Жаңа субұрқақ қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі әндерді қатар ойнай алатын болады.

Ерлен ОСМАНОВ