Ерлан Саиров: Саяси қателіктерді мойындауымыз керек

637
көрілім

Өскеменде «AMANAT» партиясы ШҚО филиалы өткізген жиында облыстан тыс, ел көлемінде мемлекет басқаруы кезінде кеткен бірқатар саяси қателіктер айтылды, деп хабарлайды Buqara.kz  сайтының тілшісі.
Шараға қатысқан ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерлан Саиров демократия ұғымы сөз етілгенде әлеуметтік теңдік мәселесі қатар жүруі керектігін айтты. Оның сөзінше, қазіргі уақытта ел басшылығы мемлекеттік институттарды өздері жүзеге асыруларына еркіндік беруде. Мемлекет қазынасын һәм билікті қоғамға қайтару жоспары күн тәртібінен түспеуі тиіс.
- Еліміздегі экономикалық иеліктер санаулы адамдарға ғана қызмет етпеуі қажет. Республика көлемін алсақ, осы үрдіс оң шешімін тапқанның өзінде де қаржының әрі қарай дұрыс жұмсалуы екіталай. Қаражат адамдарға ғана емес, облыстардың аймақтарына да жетуі тиіс. Жұмыс сапарымен Зайсан, Тарбағатай аудандарына барғанымда жөнделмеген жол, тартылмаған интернет мәселесі әлі өзекті. Шекаралық аудандарды дамытамыз деп жатқанымызбен іске асып жатқаны шамалы. Катонқарағай, Тарбағатай, Зайсан аудандарынан 30 жыл ішінде тұрғындардың 60-65%-ы көшіп кеткен. Бұл жерде қаншама саяси қателіктер кеткені жасырын емес. Осы ретте сол саяси олқылықтарды мойындауымыз керек, - деді Ерлан Саиров.