Ерлан Серікжанов пен Ерасыл Қажыбаев Азия чемпионатына қатысады

419
көрілім
Фотосурет sport.inform.kz сайтынан

Ерлер ұлттық құрамасының белді мүшелері Моңғолияда өтетін құрлықтық чемпионатта ел намысын қорғайды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Бәсеке Моңғолияның астанасы Улан-Баторда жалауын көтермек. Қараша айының 26-29 күндері аралығында өтетін аламанға ел құрамасы сапында тоғыз дзюдошы татамиге беттейді. Спортшылар саны артуы мүмкін. Бұл жерде әйелдер құрамасынан жарыс жолына кімдердің шығатындығы әлі де белгісіз екендігін айта кетейік. Әдеттегідей, бапкерлік құрам 66 келі салмақ дәрежесін үржарлық Ерлан Серікжанов пен тағы бір отандасымыз Елдос Жұмақановқа сеніп тапсырған екен. Алыптар айқасында (+100 келі) семейлік Ерасыл Қажыбаев пен түркістандық Ғалымжан Қырықбай өз мүмкіндіктерін байқайды.

Дзюдосүйер қауым 66 келіде қазақстандық финал болады деп болжауда. Дегенмен жапондық азулы спортшылар мен татами қожайындарынан Херлен Гандболдың барын ескере кеткен жөн. Сонымен қатар бапкерлер тарапы алдағы күндері кей салмақтарда өзгеріс болуы мүмкін екендігін мәлімдеді.