Әскердегі арулар

337
көрілім

Бүгінде Қарулы Күштер қатарында ер-азаматтармен қатар Отан алдындағы борышын атқарып жүрген нәзік жандылар баршылық. Қоғам мен әскери қызметтегі рухани құндылықтарды бойына сіңіріп, әскер саласында өз үлестерін қосып, Өскемен гарнизонындағы әскери бөлімде келісімшарт бойынша қызмет етіп жүрген арулардың жетістіктеріне тоқталсақ.

Ефрейтор Альмира Молдабекова, аға маман аға радиотелефоншы. 2019-2020 жылдардағы офицерлік үшсайыстан ҚР ҚК 1-ші орын және Өскемен қаласындағы жүзу жарыстарының жүлдегері. Шығыс» өңірлік қолбасшылығында өткен Президенттік бессайыс, офицерлік үшсайыс бойынша аймақтық жарыстардың жүлдегері.

Волейболдан қыздар командасының құрамындағы аға сержант Әсем Оразбекова, кіші сержант Самал Жұматова, ефрейторлар Әйгерім Абдулина, Айдана Мамыржанова, Ғалия Оралбаева, Жұлдыз Мейірманова, Әсел Әбдірова, Гауһар Қопабаева мен капитан Динара Ермұқашева – жыл сайын өтетін әскери парадқа қатысушылар. Команда құрамы 2018 жылы Шу қаласында өткен Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің чемпионатында жүлделі 1-ші орынды иеленген.

Сержант Әсел Айтжанова, командалық штаб машиналары бөлімшесінің командирі, ерлер лауазымында қызмет атқарады. Ал, бөлім штабындағы старшина Зарема Магамадова, 3-ші сыныпты сержант Гүлнар Тағаева мен ефрейтор Наркес Қалкенова т.б қыздардың еңбектері гарнизон басшылығының тарапынан еленіп, үнемі ескерілуде.

Өскемен қаласы әскери лазареті терапия бөлімшесінің бастығы медицина қызметінің аға лейтенанты Наргис Баратова мен хирургия бөлімшесінің аға маман медбикесі қатардағы Аяулым Байсабанова, 97638 әскери бөлімі қаржы қызметінің бастығы, гвардия аға лейтенанты Қаламқас Ерсұлтанова, автокөлік қызметінің жауапты орындаушысы гвардия ефрейторы Арайлым Қаукешева, ШҚО ҚІД жұмылдыру іс жүргізу бөлімшесінің бастығы, сержант Назгүл Оразиманова мен құпия бөлім бастығы кіші сержант Анар Мырзахметова, Өскемен қаласы ҚІБ мемлекеттік құпияларды қорғау бөлімшесінің бастығы 3-сыныпты сержант Меруерт Өтеулина сынды аруларымыз өз істерінің маманы, жауынгерлік және мемлекеттік-құқықтық дайындықтың үздіктері.

Шаңырақтың ұйытқысы әйел – аналар десе, әскери бөлімдегі әртүрлі іс-шараларды ұйымдастырып, өткізуде де осы әйелдер ұжымы белсенді. Взвод, рота мен батальон командирлеріне көмек ретінде және мерзімді қызметтегі сарбаздарды зерделеу мақсатында, әр әскери әйел қызметшілерге әскери бөлім командирінің бұйрығымен сарбаздар бекітілген. Ол да өте жауапты іс,-дейді гарнизон бастығының тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары майор АбзалТаждинов.

Сонымен қатар, әскери қызметшілердің отбасы мүшелерімен жұмыстарды ұйымдастыру бойынша қызмет жетекшісі Ләззат Дошманова, қызмет мүшелері Гүлнар Тұрғынбаева мен сержант Индира Бердіғожина, сержант Назгүл Нәкенова әскери бөлім басшылығы мен әскери қызметшілердің отбасыларына белсенділікпен үнемі көмек көрсетеді.

Өскемен гарнизонының басшылығы 1 наурыз алғыс айту күні және көктемнің шуақты мерекесі 8 наурыз халықаралық әйелдер күні қарсаңында ҚР ҚК әскери әйел қызметшілері мен барлық нәзік жандылар қауымына алғыс білдіріп, шын жүректен құттықтай отырып мықты денсаулық, отбасылық бақыт тілейді.

Өскемен гарнизонының баспасөз қызметі