Франция Президенті Шарль де Гольдің қолынан орден алған шығысқазақстандық партизан

1214
көрілім

Екінші Дүниежүзілік соғыс кезінде қазақтың ержүрек ұлдары жанын шүберекке түйіп, жауынгерлік жолда нағыз батырлықтың үлгісін көрсете білді. Солардың бірі – Ұлы Абай туған өңірде дүниеге келген, француз қарсыласу күресінің мүшесі, әйгілі партизан, спорт шебері Қабыш Омаров. Францияның Бесінші үкіметінің бірінші президенті Шарль де Гольдің қолынан Даңқ орденін алып, елге оралған батыр жайында оның жиені Ерлан Ықыласов әңгімелеп берді.

Нағашым Қабыш Омарұлы Омаров – 1919 жылы 15 мамырда Шыңғыстауда, бұрынғы Семей облысы Абай ауданы Қарауыл ауылында дүниеге келген. Әке-шешесі репрессия құрбаны болған. Қабыш ағайынды тоғыз баладан тірі қалған әпкесі Бакизат екеуі әр өңірдегі балалар үйінде тәрбиеленеді.

1939 жылы орта мектепті бітірген Қабыш Ленинградтағы әскери радистер училищесін аяқтап, Шығыс Пруссия шекарасындағы қорғаныс шебінде взвод командирі міндетін қабылдап, 1941 жылы 22 маусымда майданды көреді.

Ауыр жарақат алған

30 маусым. Жау әскерінің ел шекарасын кесіп өткеніне он күн болған еді. Негізгі әскерден оқшауланып қалған бір топ жауынгер қалың орман шетінде бой тасалап жатты. Өзара ақылдаса келіп, қалайда ілгері қимылдап, негізгі әскер күшіне қосылуымыз қажет дескен олар шама келгенше жаумен тікелей беттеспей, кездесіп қалса ғана оның шағын топтарын жойып, қаруланып алу жөнінде келіседі.

Кенет жау снарядтарының зуылдаған үні естілді. Қашықтан зіркілдеген зеңбірек даусы үдей түсті. Қабыш қасындағы солдатпен жарылған жау снарядының апанына түсе бергенде оң аяғынан ауыр балға соққандай сезініп, көзі қарауытып кетеді. Қанша уақыт өткені белгісіз… Еміс-еміс есі кіргенде оң аяғын қатты ауырсынып, қозғай алмады.

Жанында жан ұшырған солдат оның аяғын байлап әлек. Құлағына әлденені қайталап айғайлайды. «Жолдас лейтенант, біз қоршауда қалдық. Жау келіп қалды». Қаруына ұмтылғанымен, денесі ауырлап кеткендей әрекетінен ештеңе шықпады. Қайтара есінен танып қалған ол көзін ашқанда бір неміс сонау жерде жер таянып тұра алмай жатқан жаралы орыс солдатын атып тастайды. Тапаншасын кезенген неміс офицерімен 3-4 солдат бұлардың тұсына келіп,

Ауф штейн! Шнел, шнел, – деп төніп тұрған немістердің «Түрегел, жылдам» деген сөзін ұққан Қабыш қасындағы солдаттың сүйемелдеуімен көтеріле берді.

Оның жаралы екенін көрген екі неміс солдаты офицердің бүйрығымен көтеріп, жүк көлігінің бортына лақтыра салды. Басы айналып, талып қалған Қабышты тұтқындарды жинаған лагерьге әкеледі.

Қарсыласу қатарында

Лагерьде жаралы Қабыш тұтқын дәрігердің көмегімен аяғына тік тұрады. Бір ажалдан аман қалған ол екі айдан соң Германияның батыс бөлігіндегі Хамельбургтегі концентрациялық лагерьге жеткізіп, көп өтпей іріктелген жүз қаралы адаммен Бусенс қаласына әкелінеді.

Оңтүстік Францияның бұл қаласының маңында су электрстанциясы мен химия зауытының ауыр жұмысын атқаратын тұтқындар барағының бір бөлігінде Франция майданында ұсталғандар жатады екен. Француздар бөлек барақта жатқанымен жұмыста араласып жүреді. Француздардың Кеңес Одағына деген пейілдері тәуір екені байқалады. Кеңес Одағының тұтқындарына мейлінше құрметпен қарап, көмектесуге тырысатын ыңғайы анық сезіледі. Француздардың ішінде Қабыш Петр Ивановпен танысады.

Петрдің арқасында Тулуза қаласындағы коммунистік партия комитетінің мүшесі Рожемен танысқан ол бір топ тұтқынмен концентрациялық лагерьден қашып шығып француз қарсыласу күресіне қосылады.

Осылайша арнайы білімі бар, соғыс қимылының тактикалық міндеттерін жете білетін офицер Қабыш Омаров жасақ мүшелерін шабуыл жасау, қорғану әдістеріне үйреткен. Жарылғыш заттарды қолданудың білгір маманы Н.Рыбаков бірнеше адамды өз мамандығы бойынша оқытып, үйретуге кірісті. Өздері француз тіліне ден қойды.

Әйгілі партизандардың Жарма өңірінде бас қосқан сәті. Солдан оңға қарай: Югославия партизаны – Өлмес Қасымов, Украина партизаны – Қасым Қайсенов, Франция партизаны – Қабыш Омаров

Сенімді ақтаған сарбаз

Бастапқыда жасаққа жаңадан қосылған адамдарға қару беріп арнайы жорыққа шығаруға командир асыға қоймады. «Қолымызға қару беруге әлі де болса сенбей ме?» деген ойлар да болды.

Бірде таудан түскен жасаққа орман ішіндегі шағын ауылда екі неміс пен оларға қызмет ететін полицайдың арақ ішіп отырғаны жөнінде хабар жетті. Немістердің ішкі жағдайы жөнінде хабар ала алмай жүрген жасақшыларға тіл алу үшін бұл қолайлы сәтті құр жібермеу керек еді.

Командирдің «Кім өз еркімен барады?» деген талабына Қабыш тілек білдіреді.

Ақылдаса қимылдаған олар шабуылды ойдағыдай аяқтап, алда жасалатын қимылдарға бағыт-бағдар әзірлеуге негіз болатын тіл әкеледі. Қабыштың батылдығын жорықта бірге болған француз жолдастары командирге жеткізіп, осыдан бастап Қабышқа деген сенім нық бекіген.

Жеңістің соңғы күніне дейін оңтүстік Францияның Тулуза, Санжерон, Бусенс қалаларын неміс фашистерінен тазартып, талай партизандық операцияларды ұйымастырған «Рокер» ротасының командирі, партизандық жалған аты Малыш пен Констанк – Қабыш Францияның Даңқ Крест орденін Шарль де Гольдің қолынан алып, екі жауынгерлік медалін иеленіп елге оралады.

Бейбіт күндегі ерлігі

Қабыш туған елге оралғаннан кейін еңбек етіп, талай тергеуден, сынақтан зорға құтылып, ұзақ жылдар облыстық спорт комитетінде жауапты қызмет еткен. 1964-1981 жылдары облыстық «Қайрат» ерікті спорт қоғамының төрағасы болып абыройлы еңбек етеді.

Осы мерзімде елуден артық спорт шеберін тәрбиелеп шығарады. Оның ішінде Ж.Үшкемпіров, Д.Тұрлыханов, Қ.Қосанов, М.Оразбеков, Б.Мәнкенов т.б. көптеген әлемге әйгілі қазақтың, республиканың, облыстың мақтаныштары да бар.

Бірнеше дүркін Республикалық, Бүкіл одақтық спорт комитетінің құрамына сайланып, «Кеңестер Одағының дене шынықтыру ісінің үздігі», Бүкілодақтық құрмет кітабына есімі жазылған ардагер атанды.

Қабыш Омаров бір топ спортшылардың ортасында: солдан оңға қарай Қабыш Омаров, Жақсылық Үшкемпіров, Намазбек Сайдамаров

 

Ұлы Отан соғысының 1-дәрежелі Даңқ Ордені мен 12 медальдың иегері Қабыш ақсақал 2009 жылы дүние салды. Балалары мен немере-шөберелерінің арасында бақытты ғұмыр кешкен ардагердің ұрпақты түзу жолда тәрбиеледі. Оның ұлттық спорт түрлерінің өркендеуіне қосқан үлесі шексіз.

Шарль Андре Жозеф Мари де Голь (1890-1970 жж.) — француздық әскери және мемлекеттік қайраткер, генерал. Екінші Дүниежүзілік соғысы кезінде Француз қарсыласу күресінің символына айналған тарихи тұлға.

 

Ерлан Ықыласов

Ерлан Ықыласовтан жазып алған Азамат ТЕМІРБЕКОВ

Мақала Қабыш Омаровтың жиені, әскери подполковник Ерлан Ықыласовтың жинақтаған естеліктері бойынша жазылды