Глубокое ауданында дәстүрлі «Ұлы дала сазы» фестивалі өтті

107
көрілім

Түбі бір түркі жұртының өкілдері үшін Абай атындағы Мәдениет үйінің алдында ақшаңқан киіз үйлер тігілді. Өткен жұма өңір көлемінде айтулы шараның куәсі атанды. Глубокое кентінде осымен VII-ші мәрте өткізілген түркі халықтары шығармашылығының «Ұлы дала сазы» дәстүрлі фестивалі биыл құлашын кеңге жайған. Далада меймандар үшін концерт, спорттық жарыс, түркі жұртының тұрмысынан сыр шертер көрме ұйымдастырылса, Мәдениет үйінде өнерпаздар бар мүмкіндіктерін паш етті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Киіз үйлер жасырған керемет

Дәстүрлі шара Глубокое ауданында жылда ұйымдастырылады. Жалпы, фестивальдің нақ осы өлкеде өтуінің бір себебі – жылдар көлемінде түркі жұрты өкілдерінің біршамасы бір тудың астында тұрып келеді. Қазақтардан бөлек, әзірбайжан, татар және басқалары. Папндемияға байланысты екі жыл онлайн түрінде өтт. Аймақтық фестиваль болған соң Ресейдің Алтай өңірінен де шақыртылған, бірақ келе алмапты. Аудандардан Тарбағатай, Бородулиха, Ұлан, Шемонаиха өңірлерінен, қалалардан Өскемен, Семей мен Риддерден келген өнерпаздар көпшілікке мерекелік көңіл-күй сыйлады. Глубокое ауданы жұртшылығы санаулы сағаттар ішінде 30-дан астам ұжымның өнерін тамашалап, әралуан әсерге бөленді. Олардан тыс, еркін күрес палуандарының жанкешті белдесулері де талай көрерменді бозкілем маңына топтастырды. Ашылу салтанатындағы театрландырылған қойылымның өзі фестиваль қонақтары мен түркі халықтарына естен кетпес естелік сыйлауға жетіп жатқандай. Онымен қоса, байқауға қазылық ететін ағайынды Абдуллиндер атындағы облыстық өнер училищесінің аға оқытушысы, мәдениет саласының үздігі Әділ Тұрғанбаев, еліміздің еңбек сіңірген әншісі Вячеслав Ткач сынды өнер иелері мен қатысушылардың қызыл кілеммен жүріп өткен сәттері аудан әкімдігінің жан-жақты әзірлік жүргізгендерін бірден байқатты.

– Бүгінгі шарамыздың мақсаты – түркі тілдес халықтардың дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын дамыту. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алынған фестивальде кілең мықты қатысушылар бақ сынамақ. Дегенмен жылдар көлемінде деңгейін биіктетіп келе жатқан шарада бақ сынаған әрбірі де жеңіске лайық, – деді аудан әкімі Елдар Тумашинов.

Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Мейрамғали Дәрменқұловтің сөзінше, тігілген үш киіз үйдің барлығы түс ауғанға дейін қонақтарға есігін айқара ашпақ. Бірінде аудандық білім бөлімінің басшылығы ұйымдастырған қолөнер бұйымдары көрсетіледі. Оқытушылардың бөлек, балалар нақышына келтіре жасаған түрлі заттар қойылды.

– Бірінші киіз үйде түркі халықтарының аспаздық өнерінен сыр шертетін көрме ұйымдастырылады. Себебі, көпшілік үшін оның қалай әзірленетіні қызық. Үшіншісінде облыстық тарихи-өлкетану мұражайының өкілдері «Алтай – түркі әлемінің бесігі» деген атпен түрлі бұйымдарын паш етеді. Алдағы уақытта шығармашылық бағытта басқа аудандар да бақ сынауға ниет білдіруде, – деді Мейрамғали Қадырбайұлы.

Көпті тамсандырған көрме

Сахна төрінде ән де айтылды, қойылым да ұсынылды. Түркілер мәдени әлемінің жарқын өкілдері Әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн, Махмұт Қашқаридің есімдері аталып, Алтай тауларынан шығыс Моңғолияға дейін созылған аймақта өмір сүрген тайпалық одақ екендігі сөз етілді. Солардан қалған сарқыттың бірі, әрине – садақ ату өнері. Облыс бойынша жалғыз садақ ату үйірмесін ашқан мерген қыз Ажар Төлеуқановаға қарап, түркі халықтарының жаугершілік заманда қандай мерген болғанын байқау қиынға соқпады.

– Түркі халықтары қан майданда садақ атудың өзіндің тәсілін қалыптастыра білген. Олар өте ақылды, қанша жерден қашық болса да жауды жайратып түсірудің кілтін тапты. Тұлпармен ағып келе жатып, 10 секунд ішінде садақ тартып үлгерген. Жылдамдық пен ептілік бір мезетте қабысқан. Түркі халықтарының айбынды әскері бас бармақпен қапсыра қысып, шынтақты иық бойымен теңестіре оқ жаудырғанда мүлт кеткен сәттері сирек еді, – деді Ажар Рахметқызы.

Бұл уақытта даладағы концерт те, көрме де, күрес жарысы да қызған. Тіпті, еркін күрестен өз әлеуетін байқап көру үшін аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектеті дзюдо үйірмесінің спортшылары бозкілемге беттеген. Жүлдесіз қалмады. Екі алтын және бір қола медаль еншілеп үлгерді. Бұдан соң фестиваль ауаны біртіндеп Мәдениет үйіне қарай ойысқан. Түркі халықтарының өмірі мен мәдениетінен сыр шертер әралуан бұйымдар қойылды. Аудан жұрты екі жыл бойы осындай шаралардан қол үзіп, мерекеге сусады дегеннен болар, мұражай өкілдерінің біршамасы тарихи бұйымдарды аз уақытта-ақ жасап үлгерген. Бұл жерде асығыстық деген қисынсыз болар, дұрысы – шеберлік һәм жылдамдық. Абай атындағы Мәдениет үйінде декоратор-суретші болып істейтін Ольга Букова небәрі бір апта ішінде Берел атының бейнесін жасаған.

– Берел қорымынан табылған ханзада мен оның жылқысы салтанатты шара үшін арнайы киіндірілген. Әлбетте, ол кезде алтынмен безендірілді. Мен мұражай тапсырысымен сым сатып алдым. Кітаптарға қарап, айнытпай жасауға тырыстым. Берел атының аяғын тұрбадан жасадым, сым да көп қолданылды. Негізгісі әзір болған соң скотчпен орап, арнайы материалмен тіктік. Көзін жасау үшін түйме пайдаландым, – деді Ольга Петровна.

Басқаларға ұқсамаған би

Бұдан бөлек, қанатын жайған самұрық бейнелі және жыртқыш пен қиял-ғажайып хайуанаттардың арпалысы бейнеленген салпыншақтар көздің жауын алады. Ал санаулы минуттардан кейін басты шара – «Ұлы дала сазы» фестивалі жалауын көтерді. «Ән өнері», «Аспапта орындау шеберлігі», «Хореография» және «Декоративті-қолданбалы өнер» бойынша өнерлерін паш етті. Әсіресе, Шемонаиха ауданынан келген ұжымның орындаған биі көрермен қауымды түркілер жортып өткен сайын дала төсіне жетелеп әкетті. Елімізді халықаралық аренада танытып жүрген «Хассақ» өнерпаздарының туындысы қосылып, біркісідей билеген жастар әп-сәтте беймәлім кеңістікке еніп бара жатқандай еді. Айналасы бірнеше минут ішінде құстың сұңқылы мен қасқырдың ұлығаны естілді. Қазылар тарапы да ауқымды шара қатысушыларының өнерін бағалай отырып, өздері бір серпіліп қалғандай.

– Облыс орталығы Өскеменнің өзінде тұрақты түрде алауын жағатын осындай фестиваль сирек өтеді. Глубокое төрінде өткен шара соның бірегейі. Қазылар алқасының мүшесі ретінде мұндай шараны – мәдениетті дамытуға қосқан сүбелі үлес деп бағалар едім. Аудан әкімдігі мен Глубокое жұрты мұндай фестивальдерді өткізуде еш аянып қалған емес, – деді еліміздің Еңбек ері Вячеслав Ткач.

Бас-аяғы 4-5 сағатқа созылған шара талай ғасырды артқа шегіндіріп, талайлы тағдырында тағдырдың түрлі соққысы мен тосынсыйына төтеп берген түркілер жұртының тұрмысынан таныс етті. Құдыретті тайпалық одақ қай бағытты алсақ та әлемдік тарихта ұмытылмақ емес. Ал Глубокоеда өткен фестиваль сол сәтті жадымызда қайта жандандырды.