Глубокое ауданында ер адам сөзге келмеген әйелін пышақтап тастаған

373
көрілім

Зайыбына пышақ сұққан Глубокое ауданының тұрғыны сотқа тартылды, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Секисовка ауылы Шоссейная көшесіндегі тұрғын үйде азаматтық некедегі ерлі-зайыптылар таныстарымен бірге отырыс ұйымдастырып, ащы судан ұрттайды.

Түн жарымында бәрі ұйқыға кеткенде үй иелері ішімдік ішулерін жалғастырған. Кенет олардың арасында түсініспеушілік туындап, жанжалға ұласады. Сол кезде ашуы алқымына келген еркек асүй пышағын алып, әйелінің арқа тұсына сұғып жіберген. Осының салдарынан жәбірленушіге ауыр дәрежедегі дене жарақаты келтірілген.

Сот барысында айыпталушы өз кінәсін толықтай мойындап, істеген ісіне қатты өкінетіндігін жеткізді. Ал әйел адам болса 11 жыл бойы бір шаңырақта тұрып келе жатқан күйеуінен бұрын осындай оқыс мінез байқамағанын айтып, соттан кешірім беруін сұрады. Сот үкімімен 37 жастағы еркек ҚР Қылмыстық Кодексінің 106-бабы, 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, 4 жылға бас бостандығынан шектелді. Сонымен қатар сотталушы 100 сағаттық мәжбүрлі еңбекке тартылған. Үкім толықтай заңды күшіне енген.