Ішімдікке масайған семейлік жасөспірімге күш қолданып, телефонын тартып алған

523
көрілім

Тентек суға тойып алып тәлтіректеп жүрген еркек жалғыз өзі келе жатқан бозбаланы көріп қалады. Қасына таяп барған ол кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімнің ұялы телефонын жұлып алып, іш тұсынан бір тепкен, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Семейлік Оразбек Қалымбеков (аты-жөндері толықтай өзгертілген) көзін аша сала алдында тұрған полиция қызметкерлерін көрген. Тәртіп сақшыларына таңырқай қараған ер адам не болып қалғанын түсінбей біраз отырды. Шын түсінбеді ме, әлбе сондай кейіп танытты ма біз білмейміз. Әйтеуір сот отырысында Оразбек осылай айтып, ант-су ішті.

Хош. Әңгімені басынан басталық. Ара-тұра ащы судан ұрттап қоятыны бар еркек бұл жолы шектен тыс сілтеп алған сияқты. Аяғына нық тұра алмаған ол қала іргесіндегі саяжайлардың бірінде келе жатқан. Қас қарайып, алакеуім тартқан шақта осы көшеде жүріп-тұрудың өзі қиындайды. Себебі бірде-бір жарық шамы жоқ. Сол уақытта екінші ауысымда оқитын Медет мектептен шығып үйіне қайтып келе жатады. Ұялы телефонының жарығын қосып алған балақай мас Оразбектің көзіне түсіп қалған. Арақ ішкен адамда ақыл бола ма? Медеттің соңынан аңдыған ер адам оқушы үйіне таяй бергенде қолынан телефонды жұлып алады. Онымен қоймай, кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімнің ішінен бір теуіп, оқиға орнынан із суытқан.

Ботадай боздаған бала үйіне қарай қаша жөнеледі. Есік ашқан әкесі 12 жасар ұлының ішін ұстап, жылап тұрғанын көрген. Ашуға булыққан азамат бірден полиция қызметкерлеріне хабарласып, мән-жайды хабарлайды.

Жедел әрекет еткен тәртіп сақшылары Оразбек Қалымбековты қолға түсірген. Тергеу амалдары аяқталғаннан кейін іс Семей қалалық №2 сотына жетеді. Сот барысында айыпталушы мас болғандығын, есінде ештеңе қалмағандығын алға тартты. Алайда заңда анық көрсетілген – мастық адамды қылмыстық жауапкершіліктен босатпайды, жазаны жеңілдетпейді де. Сот үкімімен сотталушы 3 жылға бас бостандығынан шектеліп, 50 мың теңге мөлшерінде айыппұл төлеуге міндеттелді. Сонымен қатар ол 300 сағаттық мәжбүрлі еңбекке тартылды. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Айбын АМАНГЕЛДІҰЛЫ