Қақты да кетті

303
көрілім

15 сәуір күні мас күйінде көлік тізгіндеген Риддер қаласы әкімінің орынбасары Бауыржан Құрманбаев жаяу жүргіншіні қағып кетті. Жол-көлік оқиғасының салдарынан 1999 жылғы қала тұрғыны қаза тапқан.

Кешкі сағат 21.00 шамасында «BMW Х5» автокөлігіне мінген ер адам Айдарханов көшесімен ілеспе бағытта жолдың жиегінде жүріп бара жатқан жаяу жүргіншіні қағады. Жол-көлік оқиғасы салдарынан 1999 жылы туған жаяу жүргінші «жедел жәрдем» келмей тұрып, оқиға орнында қаза тапқан.

Оқиғаны тексеру барысында 45-жасар «BMW Х5» жүргізушісі мас күйінде болғаны және Риддер қаласы әкімінің орынбасары болып жұмыс істейтіні анықталды. Қазіргі уақытта ол уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.

Риддер қаласы ІІБ Қазақстан Республикасы ҚК 345-бабының 3-бөлігі (көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары басталған.

Аймақ басшысы Даниал Ахметовтың тапсырмасына сәйкес жол-көлік оқиғасын тергеу ШҚО Ішкі істер департаменті бастығының ерекше бақылауына алынды.

Асқар ТҰМАРБЕК