Қалай төлеу керекпін?

572
көрілім

Газет редакциясына Зайсан қаласынан хабарласқан тұрақты оқырманымыз «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасымен 2,5 млн теңге несие алғанын айтты. Аталған қаржыны алу үшін ол 300 мың теңге мөлшерінде алғашқы салым салған екен. Қазіргі уақытта несиенің 2,2 млн теңгесін өтеп тастағанын айтқан зайсандық қалған 300 мың теңгені төлеуі керек пе, әлде ол сома алғашқы салымнан алына ма, соны біле алмай біршама әбігерге түсіпті. Мәселенің анық-қанығын анықтау үшін аудан әкімдігіне сұраухат жолдадық. Кәсіпкерлік және ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы Мұратхан Қиямазановтың айтуынша, алғашқы салым несие төлемі болып есептелмейді.

– Мал шаруашылығы бағытында еңбек етіп пайда тапқым келді, – дейді Сабыр Ұзақбаев (аты-жөні өзгертілген), – Сөйтіп жеке кәсібімді дөңгелендіріп әкету үшін «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы 300 мың теңге алғашқы салым салып, 2 жарым миллион теңге несие рәсімдедім. Бүгінде бірнеше жыл төлеп келген несиемнің 2,2 млн теңгесі өтелген. Мені мазалайтыны, қалған 300 мың теңгені төлеймін бе, әлде ол алғашқы салымнан алына ма? Осы сұрақтың жауабын ала алмай дал болдым.

Зайсан аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылық бөлімі басшысының сөзіне сенсек, алғашқы салым несие төлемі болып есептелмейді.

– Кәсіпкер қолына берілген кестеге сәйкес несие қарызын төлеуі керек. Берешек сомасы толық төленгеннен кейін, несие алған орынға арыз жазуына болады, – дейді Мұратхан Қиямазанов.

Біздің анықтама

2018 жылдың 1 маусымына сәйкес Зайсан ауданында шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны – 2678. Оның ішінде: заңды тұлғалар – 113, жеке кәсіпкерлер – 1373, шаруа қожалықтары – 1189. 2017 жылы 1 тойхана, 1 дәріхана, 10 сауда дүкені ашылып, 40-қа жуық жаңа жұмыс орны құрылған. Өткен жылы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында С.Спамбетоваға «Магазин жөндеу» жобасына 13 млн теңге, ЖШС «Керуен-Шығыс» «Автобустарды сатып алу» жобасына 46 млн теңге, Ш.Келгенбаевқа «Зайсан-Жеменей» бағытына бағытына жолаушыларды тасымалдауға автобус сатып алу» жобасына 45 млн теңге бөлінген.

Талғатжан МҰХАМАДИЕВ