Қасым Қайсенов кентінде аула маңындағы қоқыстар бір жылдан бері шығарылмай келеді

1041
көрілім

Ауладағы балалар алаңсыз. Заманға сай футбол қорабының салынғанына дән риза. Тіпті кей тұрғындардың айтуынша, теңбіл доптың қызығына түскен жасөспірімдердің кешқұрым үйлеріне қайтқылары жоқ. Десе де ата-аналардың алаңдап, аудан әкімінің әлеуметтік желідегі парақшасына дейін дүркін-дүркін жазып, газет редакциясына қоңырау шалулары олқы емес, орынды көрінді. Ұлан ауданының орталығы Қасым Қайсенов кентінің тұрғындары былтырдан бері құрылыс жұмыстары кезінде шығарылмай қалған тұрмыстық қатты заттардың жаңбыр жауса лай батпаққа айналып, аула маңы ыбырсып кететінін айтып, шағымданған еді. Бұл ретте аудан әкімдігі де тиісті жауаптарын берді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

«Ми батпаққа айналады»

Қасым Қайсенов кентін жалпылай сынап отырған жоқпыз. Белгілі бір мекенжай төңірегінде. Сұраухат жауабына үңіліп, қоқыс шығаруға жауапты мекеменің жауапсыздығы немесе футбол қорабын салған мердігер ұйымның жұмыс біткен соң «біздің міндет уақтылы өткізу» деп асығыс-үсігіс төңіректі қоқсытып кеткен жандардың ағаттығы ма дедік. Айып кімнен кетсе де, жұмысты жылдам аяқтаймыз деп соңын жинастыруға мұршасы келмегендер сол кеткеннен мол кетті. Демек сайып келгенде, аула тазалығын ту етіп, қоқыс шығаруға жауапты мекеменің өздеріне олқылықты түзегендері жөн. Кент әкімі Марғұлан Әменовтің айтуынша, қоқыс шығарумен «Өскемен-Тазалық» ЖШС айналысады.

– Футбол қорабының салынғаны үлкен қуаныш әрине. Дегенмен тұрмыстық қатты заттар жинастырылып, аула тазалығына мән берілсе жөн еді. Жауын жауса ауламыз езіліп, балалар әткеншегіне дейін ми батпаққа айналады. Футбол қорабының салынып біткеніне бір жылдан асты. Үйіліп жатқан қоқысқа қаңғыбас иттер де үйір, пакет, қораптарды әрлі-берлі шашады, – дейді Раушан Кәрімова (аты-жөні өзгертілген).

Заңгер мен әкім тұжырымы

Бұл бір адамның емес, 17-үй тұрғындарының өтініші. Уақтылы шығарылмаған қоқысқа наразы болған 16, 16/3, 16/4 мекенжайынан да наразылықтар легін құлағымыз шалды. Марғұлан Болатұлының сөзінше, күл-қоқыс аптасына 3 рет шығарылады. Барлығы кестеге сәйкес. Кент әкімі де, «Өскемен-Тазалық» ЖШС заңгері де осы уақытқа дейін мекемеге бірде-бір шағым түспегендігін алға тартты. Оған қоса, өздерінің тұжырымдарын да ұсынды.

– Карантин кезінде халықтың үйде отыру себебіне байланысты қоқыс та көбейген, сол себепті контейнер тез толып қалған, – дейді жауапты тұлғалар.

Дегенмен қоқыс үйіндісіне қапалы тұрғындар қоқыс жәшігі емес, футбол қорабының артындағы тұрмыстық қатты заттардың бір жылдан бері шығарылмай жатқанын меңзеген болатын. Бәлкім, жаздың жаймашуақ бір күні үйіндінің ізі де қалмай, аула тазалығына мән беріліп қалар. Бұған қоса, Марғұлан Әменов те күл-қоқыстың уақтылы шығарылуы бақылауға алынғандығын жеткізді.

Әділхан ЕСІМХАНОВ