Қауіп артта қалды: Абай облысында эвакуацияланған адамдар үйлеріне қайтып жатыр

504
көрілім
Фотосурет Абай облысының әкімдігінен

Абай облысында кейінгі күндері тасқын су талайдың мазасын қашырды. Жер жібіп қатып, дамбылар мен елді мекендерді қызыл су басты. Аягөз және Ақсуат аудандарында қауіпсіздік мақсатында тұрғындар арнайы дайындалған эвакуациялық пунктілерге көшірілген еді. Қазіргі уақытта олар үйлеріне қайтып жатыр, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев Жарма және Аягөз аудандарында су басқан ауылдарға барып, жағдаймен танысты. Бүгінде жергілікті атқарушы органдар мен облыстық ТЖД мамандары тарапынан еріген қар суын бұру мақсатындағы барлық шара қабылданды. Соның нәтижесінде, су деңгейі төмендеді. Сонымен қатар Аягөз қаласында облыс әкімі аппараттық кеңес өткізіп, жауапты органдар мен бөлімдерге бірқатар тиісті тапсырма берді.

Еске салсақ, 28 наурызда Тарбағатай ауылындағы Аягөз өзенінде су деңгейі 365 см-ге дейін көтеріліп, Семей қаласынан көмек көрсету үшін облыстық ТЖД күштері мен құралдары жіберілді. Тұрғын үйлерді су басудың алдын алуға, халықты эвакуациялауға Аягөз қаласының арнайы күштері мен құралдары жұмылдырылған.

Кеше эвакуацияланған Ақсуат ауданындағы Уаң ауылының тұрғындары да үйлеріне оралды. Олар Боғас өзеніндегі су деңгейінің көтерілуіне байланысты қауіпсіз жерге жеткізілген болатын.

Дәл осы сәтте аудандардағы жағдай тұрақты.