Қазақстанда ҰБТ-ға қатысуға мектеп бітірушілердің 71 пайызы өтініш білдірді

689
көрілім

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиева ҰБТ-ға даярлық турасында баспасөз мәслихаты өткізді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

ҚР Білім және ғылым министрлігінің ақпаратына сәйкес, ҰБТ-ның жаңа форматы халықаралық тәжірибелерді талдау нәтижесінде әзірленген. Осы бағытта ЖОО-ға түсу емтиханы мен бітіру емтихандары бөлек өткізілетін Жапония, Израиль, АҚШ мемлекеттерінің тәжірибесі қарастырылған. Оларда ҰБТ тестілерінің мазмұны оқу қабілетін, логикалық ойлаудың деңгейін, базалық құзыретін, яғни функционалдық сауаттылықты анықтауды көздейді.

2016 жылдың қазан айынан бастап ҰБТ жаңа форматы бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары толық көлемде өткізілуде. Тест тапсырмаларына үш рет сараптама жүргізіліп, барлық тапсырмалар тестология талаптарына сәйкестігіне тексеріліп, ҰТО-ның базасына қабылданған. «Егемен Қазақстан» газетінде апта сайын тестінің үлгілері жариялануда. ҰТО сайтында әдістемелік нұсқаулықтармен қатар тест тапсырмалары қосымша жарияланған.

– ҰБТ ұйымдастыру және өткізу бойынша бірқатар мәселелер мен қауіптер туындауда. Біріншіден, кейбір мектеп бітірушілер мен олардың ата-аналарының ойынша, ҰБТ мен қорытынды аттестаттауды тапсыру екі есе жүктеме болып табылады, себебі ҰБТ-мен қатар қорытынды аттестаттауға да дайындалу қажет. Екіншіден, тест тапсырмаларының сараптамасы мен олардың апробациясы Ұлттық тестілеу орталығымен бірнеше рет өткізілуіне қарамастан, қате сұрақтардың болуы күмән тудырады. Үшіншіден, бітірушілердің қатысуын ұйымдастыру, әсіресе шалғай елді мекендерден келген мектеп түлектерінің қауіпсіздігін, тестілеу кезіндегі психологиялық қолдаудың көрсетілуін, сондай-ақ оларды тамақтандыру және орналастыруды қамтамасыз ету керек. Төртіншіден, 4 мамырдағы мәлімет бойынша ҰБТ-ға қатысуға бітірушілердің 71 пайызы өтініш білдірді. 10 мамырда өтініштерді қабылдау мерзімі аяқталды, – делінген ҚР БҒМ ақпаратында.