Кәсіпкерлер алаңдаулы

615
көрілім

Өскеменде шағын және орта кәсіп иелері мектеп оқушыларын тамақтандыруды қамтамасыз етумен айналысып келе жатқандарына бірнеше жыл болған. Олар тамақтану бойынша қызмет көрсетуге мемлекеттік-жекеменшік әріптестік механизмін енгізу процесіндегі бәсекелестіктің шектелуіне алаңдаушылық білдіріп отыр, деп хабарлайды газет тілшісі ШҚО Кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кәсіпкерлердің айтуынша, қаңтар айының басынан жергілікті билік биыл мектеп асханаларының мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде жұмыс істеу жобасы басталғаны жайында хабарлаған. МЖӘ механизмі облыс орталығындағы барлық мектептерге енгізілетін болады.

– Қала мектептері 11 мектептен 4 лотқа бөлінген. Бір лоттың құны 125, 933 млн теңгеге тең. Бірден сұрақ туындайды, лотты бұлай неліктен бөлді және бұл әрекет заңды ма? Демек жоба ірі инвесторлар үшін жасалып отыр. Ал шағын бизнес өкілдері ысырылып қалуда, – деді жеке кәсіпкер Яна Родякина.

Кәсіпкерлер мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктен бас тартпаған және өз асханаларын жаңартуға дайын. Бірақ қазіргі жағдай оларды бір тарының қауызына сыйдырғандай. Нәтижесінде жиырма шақты шағын бизнес субъектісі жабылу алдында тұр, демек, екі жүзден астам адам жұмыссыздардың қатарын толықтырмақ.

– Мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті, оның ішінде асханаларды жаңартуды қолдаймыз. Бұл жобаның артықшылығы: кәсіпкердің жобада 7 жыл жұмыс істейтінінде. Бүгінде кәсіпкерлермен бір жылға келісім-шарт жасалады. Енді мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті жұмыс істеп жатқан жалға алушылармен жасаған абзал. МЖӘ жобалары әр шағын бизнес субъектісіне оңтайлы болуы керек деп санаймыз. Ол үшін лотты ірілендірудің керегі жоқ, – деді ШҚО Кәсіпкерлер палатасының директоры Игорь Шацкий.

Айбын АМАНГЕЛДІҰЛЫ