Көкпекті ауданында Абай оқулары өтуде

876
көрілім

Көкпекті ауданына қарасты Самар ауылында талапты жастардың қатысуымен "Абай оқулары" облыстық байқауы өтуде, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Аталмыш шара ұлы Абайдың туған күніне орай өткізіліп отыр. Облыс деңгейінде ұйымдастырылған көркемсөз оқуында бас-аяғы 14 адам өз мүмкіндіктерін байқады. Қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы біртуар тұлғаның түрлі өлеңдерін арқалап келген қатысушылар барын салып орындап бақты. Десе де бірқатар жастар сахнаға көтеріле қобалжып, ойлағанын жеткізе алмай жатты.

Ал Тарбағатай ауданының Ақсуат ауылынан келген Олжас Серікбекұлы жиналған жұртты бір серпілтіп тастады. "Біреудің кісісі өлсе қаралы ол" өлеңін оқығанда шынайы образға еніп талайды тамсандырды. Талантты жастың жетекшісі Бейбіт Құсанбаевтың айтуынша, өлеңді құр оқи салғаннан халық жүрегіне жеткізіп, әсер бере білген әлдеқайда жөн.
- Шәкіртім әзірліктегідей оқып шықты. Қазылар бағасын бере жатар. Осындай өлеңдерді образға кіре отырып жеткізсе, өзіне де үлкен азық, - дейді ол.

Әділхан ЕСІМХАНОВ