Көкпекті ауданында мүгедек жасөспірімнің телефонын тартып алған бұзақылар құрықталды

7699
көрілім

Көкпекті ауданы Самар полиция бөлімінің кезекші бөліміне 53 жастағы Самар ауылының тұрғынынан белгісіз біреулер оның 16 жастағы мүгедек ұлын тонап кеткені туралы шағымданды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Жедел-іздестіру шараларын өткізу барысында белгілі болғандай, жәбірленуші кешқұрым досына бара жатқанда кенет алдынан бейтаныс екі жігіт шығып, жолын бөгеген. Олар кәмелетке толмаған жасөспірімді сөзбен қорлап, қорқытып, қолындағы ұялы телефонын беруін талап еткен. Жәбірленуші өз гаджетін беруге бас тартқан сәтте бұзақылар күш көрсетіп, жасөспірімді ұрып-соғып, қолындағы құны 90000 теңгелік смартфонын күштеп тартып алған.

– Тәртіп сақшылары қысқа мерзімде күдіктілерді ұстады. Қылмысқа қатысы бар күдіктілер жәбірленушінің ауылдастары болып шықты. Құрықтау кезінде екі ер адам кінәларын толық мойындап, телефон иесіне қайтарылды, - деді ШҚО ПД бастығы Сағат Мадиев.

Қазіргі уақытта ұсталған азаматтарға қатысты ҚР ҚК-нің 191-бабы 2-бөлігі 1-тармағына сәйкес (күш қолдану қатерін төндіріп тонау) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.

Осы баптың санкциясы мүлікті тәркiлеп, үш жылдан жетi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеу, не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады.