Көкпектілік Айбек Абдрахманов жеті адамды өрттен қалай құтқарғанын айтып берді

674
көрілім

«Ерлік – білекте емес, жүректе» демей ме, бабаларымыз. Ерлік туралы сөз болса қару алып жауға шапқан батырларымыз еріксіз еске оралары хақ. Бірақ бүгін қарумен сайланған батырды емес, бір отбасын өрттен құтқарған Айбектей батыл жігіт жайлы қалам тербеуді жөн көрдік, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Ерлік – ердің еліне сіңірген еңбегі мен батылдығы емес пе? Лапылдаған қызыл жалыннан жеті адамды құтқарған Айбектің ерлігі ел ішіне тез тарады.

Айбек Абдрахманов 1992 жылы Көкпекті ауданы Көкжыра ауылында дүниеге келген. Кейіннен, 2000 жылдары Өскемен қаласының Үлбі ауданына көшіп келіп, осында білім алған. Кейіпкеріміз екі жыл Өскемен қалалық өрт сөндіру мекемесінде жұмыс істеген. Бүгінде жеке саудамен айналысуда. Отбасында үйдің кенжесі. Ата-анасы, аға-әпкесі бар.

– Өрт болатын күні түнгі сағат 01.20 шамасында достарым қоңырау шалып, мені қалаға шақырды. Жұмыстан шаршап келсем де көңілдерін қимай баруға бел буып, такси шақырттым. Біраз уақыт өткеннен кейін такси жүргізушісі хабарласып, келіп тұрғанын айтты. Сыртқа шықсам такси жоқ. Қайта телефон шалып қайда екенін сұрасам, басқа мекен жайға адасып кеткенін айтты. Шарасыз такси жаққа өзім бара жатыр едім, көрші үй жақтан түтін шығып жатқандай көрінді. Әуелі аса мән бермедім. «Өртенген қоқыстың түтіні шығар» деп ойладым. Біраз жүріп барып қарасам, ағаш үйдің сырт жақ қабырғасы лапылдап жанып жатыр екен, - дейді ол.

Оның айтуынша, сол сәтте көзі қарауытып не істерін білмей тұрып қалса керек. 7-8 секунд ішінде шешім қабылдап алдына екі мақсат қойыпты. Бірі бірден өрт сөндіру мекемесіне телефон соғу, екіншісі үй ішін оятып балаларды сыртқа шығару.

– Келіп қарасам, үйге жапсарлас салынған жазғы ас үй толықтай жанып болып, үйдің қабырғасына өршіп барады екен. Бірден өрт сөндірушілерді шақырып, іле-шала үй иелерінің аттарын атап есік-терезелерін қаға бастадым. Бірақ шырт ұйқыға кеткен олар бірден оянбады. Арада 3 минуттай уақыт өте шықты. Өрт өршеленіп келеді. Бір кезде үйдің артқы терезесіне барсам үйдегілер енді оянған сияқты. Үйлерінің өртеніп жатқанын айтып алдымен балаларын шығардым. Сол аралықта өрт сөндірушілер де келіп, лапылдаған жалынды ауыздықтады. Үй иелерін сабырға шақырып, екі кішкене баланы үйіме алып кеттім, - дейді Айбек.

Айбек алғыс хатпен марапатталды

«Елін сүйген ер болар» дегендей, Айбектің бұл ерлігіне жұрт дән риза.

– Біздің өмірімізді сақтап қалған Айбекке алғысымыз шексіз. Ол болмағанда біздің қандай күйде болатынымызды елестету де қорқынышты. Айбек біздің мақтанышымыз, – дейді Татьяна Гордеева.

Шынымен де сол күні түнде Айбек басқа жолмен кетсе бұл отбасының тағдыры не болмақ еді? Бір қуанарлығы, жай күндері басқа жолмен жүретін жігіттің сол күні адасқан таксиді іздеп осы жәйтке кез болуы. Айта кетейік, батыр жігіттің ерлігін естіген қала әкімі Жақсылық Омар оны арнайы Алғыс хатпен марапаттады. Осылай тілсіз жаудан қаймықпаған қайсар жігіттің ерлігі көпке үлгі болды.

Таунар ҚАЙРАТ