Қомақты қаражат қажет

342
көрілім

ШҚО-да су тасқынының алдын алуға 2 миллиардтан астам қаражат керек. Осындай мақсатта құрылған Жол картасы жоспар бойынша 2020 жылға дейін іске аспақ. Бұл жайлы облыс әкімдігінде өткен жиналыс барысында айтылды.

Биылғы жылдың көктемінде Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары тасқын судан айтарлықтай зардап шекті. Табиғаттың бұл тосын мінезі шенеуніктерге кезекті сабақ бергендей. Сондықтан оқыс оқиғаның алдын алып, тасқынға тосқауыл қою мақсатында аймақтың арнайы Жол картасы әзірленді. ШҚО әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2020 жылға дейінгі жоспары белгіленген істердің бір парасы басталып та кеткен.

Арнайы жұмыс тобы бір ай бойы, маусымның 1-і мен 25-і аралығында қалалар мен аудандарға ат басын тіреді. Қауіп деңгейі жоғары өзендер мен тоғандардың, су қоймалары мен гидротехникалық құрылыстардың жағдайын зерттеп қайтты. Нәтижесінде «әлсіз орындар» тізімі жасалды. ШҚО әкімінің орынбасары Серік Ақтановтың айтуынша, аса қауіпті аймақтар қатарына Зырян, Шемонаиха, Катонқарағай, Көкпекті, Ұлан Аягөз аудандары, сондай-ақ, Риддер, Семей және Өскемен қалалары кірген. Осы ретте Жол картасы бойынша аталмыш учаскелерде үш жылдың ішінде 81 іс-шара өткізу жоспарланып отыр.

– Гидротехникалық құрылыстар жөнделіп, қайта қалпына келтіріледі. Түбін тереңдету және жағажайды бекіту жұмыстары жүргізіледі. Бүгінде жиналған лайдың көлемі анықталды. Сонымен қатар үйінді күйіндегі қорғаныс дамбалары жасалмақ. Осы жоспарлы істі жүзеге асыру үшін облыстық бюджеттен 2 миллиардтан астам теңге қарастыру керек, – деді облыс әкімінің орынбасары Серік Ақтанов.

Бұдан бөлек, Жол картасы аясында еріген және жаңбыр суының ағып өтуі үшін қалалар мен аудандардың әкімдеріне елді мекендердің су тарту сызбасын жасау және бекіту тапсырылды. Сондай-ақ өзен арналарында мұзды жару жұмыстарын ерте бастау жоспары жасалады. Әсіресе, Ертіс, Үлбі және Бұқтырма өзендері басты назарда болмақ.

Айта кету керек, жуықта ШҚО Прокуратурасында өткен үйлестіру кеңесінің отырысында да су тасқыны ахуалының қорытындысы сөз болған еді. Прокурорлар төтенше жағдайға ықпал еткен бірқатар себептерді анықтаған екен. Ең алдымен, қалыптасқан қолайсыз ауа-райын есептемегенде, жауапты тұлғалардың өз лауазымдық міндеттерін лайықты орындамауы және немқұрайлық танытуы негізгі себеп болып отыр. Мысалы, Семей қаласында Ертіс бассейн инспекциясы Шүлбі ГЭС негізсіз 1800 текше метр су ағызып, кептеліс тудырып, нәтижесінде 290 тұрғын үйді және 437 саяжайды су басып, «Қазақстан су жолдары» РМК-нің мүлкі зақымданды. Қазіргі уақытта бұл факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Естеріңізге сала кетейік, Шығыста биылғы көктемде 6 қала мен 12 аудан қызыл, жауын-шашын және еріген қар суынан зардап шекті. 1,2 мың тұрғын үйге су кіріп, оның 128-і тұруға жарамсыз деп танылған еді. Қазіргі таңда қалпына келтіру, үйлерді жөндеу жұмыстары аяқталып қалған.

Айбын АМАНГЕЛДІҰЛЫ