Көмір сапасы көңілді көншітпейді

295
көрілім

Жаңа жылыту маусымына даярлық барысындағы алғашқы 4 айда Шығыс Қазақстанға тұрмыстық қажеттілік бойынша екі есе көп, ал техникалық қажеттілік бойынша 20 пайыз артық көмір жеткізілген. Алайда көмір сапасының мәселесі әлі де өткір күйінде қалып отыр.

«Жүк тасымалының» Шығыс Қазақстандағы бөлімшесінің логистика және ұйымдастыру бөлімінің бастығы Алмас Сейсемқанов атап өткендей, «жаңа жылыту маусымына даярлық барысындағы алғашқы 4 айда жүк тасымалының Шығыс Қазақстандағы бөлімшесі бойынша (Семей аймағын қоспағанда) өңірге 709,3 мың тонна көмір әкелінген. Нақтырақ айтқанда, техникалық қажеттілік бойынша 543,2 мың тонна, ал тұрмыстық қажеттілік бойынша 166,2 мың тонна көмір жеткізілген.

Теміржолшылардың мәліметіне сүйенсек, тамыздың екінші онкүндігінен бастап Шығыс Қазақстанға орташа есеппен тәулігіне 48 вагон көмір (яғни, күніне 3,3 мың тонна) жеткізіліп тұрған. Оның ішінде Өскеменде тәулігіне 23 вагон келеді. Тамыз айы бойы өңірге 268,7 мың тонна (тұрмыстық қажеттілікке 80,6 мың тонна) жеткізілген.

Десе де, көмірдің сапа мәселесі күннен-күнге өткір бола түсуде. Бірнеше кәсіпорындардың, атап айтқанда ЖЭО, «Востокэнерго» ЖШС-лардың көмірге жауапты «Қаражыра» АҚ-на наразылықтары өсіп барады. Себебі жеткізіліп жатқан вагондардың ішіндегі құр жыныс, тастар мен ірі бөлшектерді мемлекеттік стандарттарға сай ұсақтауға тура келеді. Осының салдарынан көмір ашық вагондардың люктарында қыстырылып, түсірудің технологиялық мерзімінің 3 сағаттық тәртібінен тыс көмір 36 сағаттың ішінде түсіріледі.

– Осының салдарына біз жартылай ашық вагондарды тұрмыстық көмірді толайым сататын сатушыларға бере алмаймыз. Дегелеңде 800 ашық вагонымыз бар, олардың 425-ін орташа есеппен бір тәулікте тиеу керек, – дейді Алмас Сейсемқанов.

Сонымен қатар қазіргі таңда әлеуметтік көмірді халыққа сатуға байланысты мәселе ашық күйінде қалып отыр. Қазіргі жылыту маусымында қажеттілік мөлшері 25 мың тонна болса, сұранысты толық қанағаттаттандыру үшін тағы 12 мың тонна көмір керек.

Асқар ТҰМАРБЕК