Көңілді күпті қылған екпе мәселесі

359
көрілім

Елімізде балаларға қандай екпе түрлері қай уақытта жасалады?

Соңғы уақытта газет редакциясына екпе мәселелеріне қатысты сауал қоятын оқрымандарымыздың қарасы көбейді. Оның міндеттілігі, берілетін мерзімі, екпесі жоқ балалардың білім беру мекемелеріне жіберілуі, қай екпенің қандай ауруға қарсы және қай жаста егілетіні төңірегіндегі сөздер көпшіліктің талқысына жиі түсуде. Осы ретте бірі сәбиінің денсаулығына алаңдаған, енді бірі діни көзқарасына орай толғанған оқырмандарымызды осы мәселе жайлы ақпараттандыруды жөн көрдік.

Алдын алған жөн

Ауруды емдеп жазғанша, алдын алу әлдеқайда жеңіл, әрі шығыны аз әрекет екені белгілі. Бұл әсіресе гепатит, полиомиелит, туберкулез, дифтерия, тырысқақ пен басқа да қауіпті аурулардың алдын алуда өте маңызды. Аталмыш аурулардың алдын алу үшін әлемде жыл сайын екпелер жасалып жатады. Еліміз де мұндай шаралардан қалыс қалған емес.

ҚР Үкіметінің 2009 жылдың 30 желтоқсанындағы Қаулысына және оған 2013 жылғы 12 ақпанда енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес, балаларға екпе еліміздің екпе жасау Ұлттық күнтізбесіне сай жасалады. Ал барлық міндетті екпелер бюджет есебінен тегін түрде жүргізіледі.

Қазақстанда имунопрофилактика ерекше маңызға ие. Халықтың эпидемиологиялық жағдайының жақсы болуы үшін екпе күнтізбесі де жасалған. Иммунитет — бұл екпе адам ағзасына енгізілген соң жасушада түзілетін биологиялық үрдіс. Тәжірибе көрсеткендей, екпе алғанына қарамастан инфекция жұқтырып ауырған адамдардың сырқаттары жеңіл түрде өтіп, өлім жағдайы сирек тіркелетін көрінеді.

Барлық міндетті екпелер сіздің балаңыз мейлі мемлекеттік, мейлі жекеменшік емханада тіркелгеніне қарамастан тегін түрде беріледі. Ал тегін берілетін екпелер түрі мынадай:

  • Туберкулезге (БЦЖ);
  • Гепатитке;
  • Полиомелит, көкжөтелге, дифтерияға және тырысқаққа (АКДС);
  • b типті гемофильді инфекцияға;
  • Пневмококты инфекцияға;
  • Қызылшаға, қызамыққа және паротитке (құлақ безінің ісуі) қарсы екпелер.

Дегенмен, екпе күнтізбесіне қарамастан міндетті екпе түрлерін әр баланың денсаулығына қарай учаскелік дәрігер-педиатр анықтап белгілейді. Бұл бірінші кезекте баланың иммун жүйесінің ерекшелігіне байланысты. Атап айтсақ, вакцина салынған соң адам ағзасы ауруға қарсы тұра алатын қажетті қарсы денелерді қалыптастырып екпе сырқатының жеңіл түрде өтуіне жағдай жасайды. Егер екпе уақытынан бұрын жасалса бала ағзасы қажетті деңгейде иммун қалыптастыра алмай, вакцинаға қарсы тұруы қиынға соғуы мүмкін. Ал оны уақытынан кешіктіру ауруды жұқтырып алу қаупін арттырады.

Берілу тәртібі

Сонымен міндетті екпелердің берілу тәртібін анықтап көрелік:

- Балаға алғаш рет яғни перзентханада, туғаннан кейін 1-4 күні туберкулезге (БЦЖ) және В гепатитіне қарсы екпе жасалады.

- 2 айында сәбилер гепатитке, полиомиелитке, көкжөтелге, дифтерия мен сіреспеге (АКДС) және b типті гемофильді, сондай-ақ пневмококты инфекцияға қарсы кешенді екпелерді алады.

- 3 айында көкжөтелге, дифтерияға, сіреспеге (АКДС), полиомиелит пен b типті гемофильді инфекцияға қарсы екпелер қайтара жасалады.

- Кезекті екпелер бала бір жасқа толғанға дейін, яғни 4-ші айда гепатитке, полиомиелитке, b типті гемофильді инфекцияға, көкжөтелге, дифтерия мен сіреспеге қарсы екпенің 3 кезеңі және пневмококты инфекцияға қарсы екпенің екінші кезеңі жүргізіледі.

- 12-15 айлық кезеңде қызылшаға, қызамыққа, паротитке қарсы екпелерді алып, полиомиелит пен пневмококты инфекцияға қарсы екпелерді қайталау қажет.

- 1,5 жасында АКДС-қа, полиомиелитке, b типті гемофильді инфекцияға қарсы қайталап екпе алу керек.

Тағы бірнеше екпе балаларға мектеп жасында жүргізіледі:

- 6 жасында (1 сыныпта) қайталап БЦЖ, қызылшаға, қызамыққа, паротитке қарсы екпелер және АКДС жасалады;

- 16 жасында ары қарай әр он жыл сайын қайтара егіліп отыратын сіреспе мен дифтерияға (АДС-м) қарсы екпелер жасалады.

Мәні неде?

Ендігі кезекте екпелердің кейбіріне тоқталып, олардың не мақсатта берілетінін зерделеп өтейік.

БЦЖ екпесі немесе Манту сынамасы. БЦЖ (Bacillus Calmette-Guérin - Кальмет-Герен бацилласы) — туберкулезге қарсы вакцина. Мұндай екпе перзентханада сәби туған соң 1-4 күні, ал 6 жасында қайталап егіледі. БЦЖ егілген орында көлемі 5-10 мм болатын ісік пайда болады. Жаңа туған нәрестелерде қалыпты реакция 4-6 аптадан соң пайда болса, қайталап егілген кезде ол 1-2 аптадан соң байқалуы мүмкін. Оның жазылуы 2-3 айға созылып, орны тыртық болып бітеді.

Екпе жасалған орынды толық жазылғанша түрлі механикалық қозғаулардан сақтаңыз. БЦЖ-дан бөлек бала 18 жасқа толғанға дейін жыл сайын турберкулинді сынама, басқаша айтқанда Манту сынамасы жасалып отырады. Дегенмен, Манту сынамасы екпеге жатпайды. Ол ағзада туберкулездің бар-жоғын анықтау үшін тері астына жіберілетін сынама. Иммунитеттің қарсылығы екі тәуліктен соң байқалады.

АКДС екпесі - біріктірілген көкжөтелге, дифтерияға және тырысқаққа қарсы вакцина. Сәби бір жасқа толғанға дейін (2, 3 және 4 айларында) және 18 айында жасалатын 4-ші екпе 10 жылға дейін дифтерия мен тырысқаққа, 5-7 жылға дейін көкжөтелге қарсы күшті иммунитет қалыптастырады.

Бұл екпе санның жоғарғы бөлігіндегі бұлшықетке қойылады. Ағзаға әсері күшті болғандықтан бұл екпе көптеген адамдардың қарсылығын тудырып жатады. Көп жағдайда бұл екпеден дене температурасы көтеріліп, екпе салынған орын қызарады, баланың тәбеті бұзылып, құсып, іші өтеді. Мұндай реакция екпе жасалған балалардың 15-25 пайызында кездесіп жатады. Дегенмен бұл көріністің барлығы ағзаның ауруларға қарсы иммунитет қалыптастыруы болып табылатындықтан одан күдіктенудің қажеті жоқ.

Екпе реакциясы жеңіл өтуі үшін ата-аналар келесі нұсқауларды білгені жөн:

1. Екпе салуға екі күн қалғанда дәрігер-педиатр аллергияға қарсы препараттарды беруді ұсынады.

2. Екпе жасалған соң емханадан тез кетіп қалмаңыз. Дәрігер кабинетінен ұзамай 20-30 минут отыра тұрыңыз. Бұл біріншіден, сәбидің тынышталуына, екіншіден қандайда бір аллергиялық реакция болып жатса, тез дәрігерлік көмек көрсетуге септігін тигізеді.

3. Екпе егілген күні үйіңізге келген бетте балаңызға арнайы ыстық түсіретін тығындәрі немесе басқа да препараттар беруіңізге болады. Ыстық түсіретін дәріні денеде температура байқалмай тұрып беріп қойғаныңыз абзал.

4. Алдағы бірнеше күнде балаңыздың ыстығын жиі өлшеп, ыстық түсіретін дәрілерді беруді ұмытпаңыз.

Екпе жасау керек пе?

Балаға екпе жасату керек пе, жоқ па? Міне осы сұрақ соңғы уақытта көптеген ата-аналарды алаңдатуда. Бірқатар БАҚ пен ғаламтор беттерінде вакцинаның зияны жайында жиі айтылуына орай ата-аналар өздерінің заңды құқықтарын алға тартып (екпе тек баланың ата-анасы мен заңды өкілінің келісімін алынғаннан кейін ғана салынады) олардан бас тартып жатады. Бас тарту жазбаша ресімделеді. Бас тарту парағында ата-аналар баланың денсаулығы жағдайына жауапкершілікті өздері алатындығы және медицина қызметкерлеріне наразылығы жоқ екенін көрсетеді. Мұндай жағдайға сіз дайынсыз ба?

Өз-өзіңізге сенімдісіз бе? Егер балаңыз ауырып қалса ше? Екпесі жоқ балалар балабақшаға, мектепке жіберілмейді, кейін шетелге немесе жұмысқа шығуына кедері келуі мүмкін.

Кез келген білім мекемесі екпе төлқұжаты мен амбулаториялық картаны сұрауға құқы бар. Мұндай талап қоятын медициналық мекмелер қатары елімізде аз емес.

Барлық профилактикалық екпелер медицина қызметкерлері тарапынан тіркеліп, келесідей жазабалармен нақтылануы керек:

  • препараттың берілген күні;
  • препараттың атауы;
  • нөмірі мен сериясы;
  • мөлшері;
  • бақылау нөмірі;
  • жарамдылық мерзімі;
  • препаратты енгізудегі реакция түрлері;
  • шығарушы елдің атауы.

Амбулаториялық карта мен екпе төлқұжатынан бөлек, бұл туралы жазбалар келесі құжаттарда жазылуы мүмкін:

  • балаларда — профилактикалық екпе картасы (063/у формасы);
  • баланың даму тарихы (112/у формасы);
  • баланың медициналық картасы (026/у формасы);
  • амбулаториялық науқастың медициналық картасына жасөспірімнің қосымша парағы (025-1/у формасы);
  • жаңа туған нәрестелердің профилактикалық екпелерінің берілу журналы (064-1/у формасы);
  • вакцина қозғалысының журналы (064-2/у формасы);
  • Жаңа туған нәрестенің даму тарихы (097/у формасы).

***

"Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін" түйсек, баласына екпе жасату-жасатпау, оның салатын орынды таңдау әр ата-ананың өз қарауында. Балаңыз тіркелген емханада екпені тегін алуыңызға немесе кез келген жекеменшік клиникада ақылы түрде алуыңызға болады. Қалай дегенмен, бұл баланың денсаулығы мен өмірін сақтаудағы ата-ананың негізгі міндеті екенін ешқашан ұмытпайық!

Ерлен ОСМАНОВ

Материал shopomania.kz сайтына сүйене отырып жазылды