Қорғандарды қорғау керек!

361
көрілім

Өңірімізде оңай олжа табамын деп тарихи қорғандарға тонауға түскендер аз емес. Облыс әкімдігінде өткен жиналыс барысында аймақ басшысы Даниал Ахметов қорғандарды қорғау қажет екендігін қатаң ескертті.

Естеріңізде сала кетсек, 2016 жылы «Шығыс Қазақстанда археологияны дамыту» бағдарламасы қолға алынған болатын. Бұл бағдарламаның негізі мақсаты – тарихи-мәдени мұраны сақтау, қазба жұмыстарын жандандыру еді.

– Соңғы 3 жылда Шығыс Қазақстандағы археологиялық зерттеу жұмыстарына Бельгия, Ұлыбритания, Венгрия, Германия, Италия, Франция, Польша, Австрия, Ауғаныстан, Ресей, Түркия, АҚШ, Швеция және Жапония елдерінің археологтары қатысқан. Нәтижесінде, жалпы саны 12 археологиялық ескерткіштер зерттелді. Оның ішінде 55 қорған мен 1 ғибадатхана кешені бар. Осы жылдың аяғында белгілі археологтар Зейнолла Самашев пен Әбдеш Төлеубаевтың монографиясы жарық көрмек, – дейді ШҚО Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Азамат Мұхамедчинов.

Өткен жылы археология саласының ғылыми-зерттеу жұмыстарына 100 млн теңге бөлінсе, биыл 200 млн теңге жұмылдырылған. Барлық тарихи жәдігерлер алдағы уақытта Өскемен қаласында ашылатын еліміздегі бірінші археология және заманауи өнер музейіне қойылмақ. Жаңа музейдің аумағы 15 мың шаршы метрді құрайтын болады.

Осы ретте, айта кететін өзекті мәселе – қорғандарды тонаушылардың азаймауы. ШҚО әкімі Даниал Ахметов қорғандардың қауіпсіздігін қатаң бақылауды тапсырды.

– Барлық тарихи қорғандар күзетілу қажет. Осы орайда облыстық Полиция департаменті мен аудан әкімдеріне тиісті тапсырма бердім, – деді ол.

Талғатжан МҰХАМАДИЕВ