Құқын қорғап, қарызын қайтарды

543
көрілім

Шығыс Қазақстан облысының Прокуратурасы 2018 жылы атқарған жұмыстарын қорытындылап, биылға жаңа міндеттер белгіледі. Жалпы, өткен жылы облыстық Прокуратураның араласуымен 1,5 млн. азаматтың құқықтары қорғалды, іс-қимыл шарасы шеңберінде мемлекет кірісіне 1,2 млрд. теңге өндірілсе, 251 млн. теңге көлемінде еңбекақы берешегі қайтарылды.

"Мемлекет Басшысының тапсырмасын орындау мақсатында құны 3 млрд. теңге болатын 400 жер учаскесі қайтарылды. Қадағалаудың актілері бойынша 110 мың тұтынушы үшін Семей қаласында, Молодежное және Глубокое кенттерінде жылумен қамтамасыз ету бойынша қызметтің тарифтері төмендетілді. Мемлекеттік кірістер департаменті мен автотасымалдаушылар арасындағы 3,2 млрд. теңгенің салығын негізсіз салу дерегі бойынша біржарым жылға созылған дауды шешу бойынша шаралар қабылданды", - делінген прокуратураның хабарламасында.

Сондай-ақ 2018 жлы облыстық Прокуратураның бастамасымен өңіріміздің 4 мың мүгедегі арнайы құралдармен қамтамасыз етіліп, әлеуметтік әлсіз топтардың құқықтарын шектейтін 6 нормативтік-құқықтық актінің күші жойылды.

Бұдан бөлек, бірлескен белсенді жұмыстың нәтижесінде дәрі-дәрмектік нашақорлықтың жолын кесудің сәті түсті. Атап айтсақ, тұңғыш рет сотпен құрамында есірткісі бар дәрі-дәрмекті саудалаған дәріханалардың бірінің қызметі тоқтатылған. Сонымен қатар, алименттен қарызы бар 528 тұлға жұмыссыздар ретінде есепке қойылып, олардың 166-сы жұмысқа орналастырылды. Жыл қорытындысы бойынша 3,5 мың баланың пайдасына 139 млн. теңгенің қарызы өндірілді.

Азамат ТЕМІРБЕКОВ