Курчатов қаласындағы тау-кен байыту комбинаты өткен жылы біршама шығынға батқан

507
көрілім

Курчатов қаласындағы тау-кен байыту комбинаты өткен жылы біршама шығынға батқан, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Оған себеп кәсіпорын өндіретін плавиокошпатты концентратты Қытай компаниялары әлемдік нарыққа арзан бағада саудаға шығарған. Соның салдарынан қазақстандық өнімге деген сұраныс азайыпты. Бұл жайлы ШҚО Аймақтық коммуникациялар қызметіне баспасөз брифингіне қатысқан Курчатов қаласының әкімі Алмас Оңдақанов мәлімдеді.

«ҮМЗ» АҚ-ға қарасты тау-кен байыту комбинатындағы кен өндіру саласында төмендеу байқалып отыр. Кәсіпорын тантал өндіруге қажетті плавиокошпатты концентратты шет мемлекеттерге экспорттайтын еді. Алайда 3 қытайлық компания бұл өнімді арзан бағада саудаға шығарғандықтан қазақстандық өнімді сатып алушылар біршама азайған. Осының салдарынан тау-кен байыту комбинатының тауарлық шығыны 254,3 млн теңгеге жетті.

– Қаржы қиындықтарына қарамастан тау-кен байыту комбинаты жағдайды тұрақтандыру үшін барлық мүмкіндіктерді пайдалануға тырысуда, – дейді Курчатов қаласының әкімі Алмас Оңдақанов, – Ресей еліндегі тұтынушыларға коммерциялық ұсыныстар жасадық. Қазіргі уақытта бір кәсіпорынмен 3 жылдық келісім-шартқа қол қойдық.

Брифинг барысында Алмас Оңдақанов 2017 жылдағы Курчатов қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы жайлы сөз қозғады. Оның айтуынша, бір жылдың ішінде 27,2 млн теңгеге құрылыс жұмыстары жүргізіліп, 35 жаңа жұмыс орны құрылған. Сонымен қатар, мал шаруашылығының өнімдері 200, 1 млн теңгені құрап отыр.

Талғатжан МҰХАМАДИЕВ

Фотосуретті түсірген автор