Күршім ауданы Қалжыр ауылында ірі қара малға сегіз айдан бері сырға салынбаған

5513
көрілім
Шартты фотосурет

Аймақ көлемінде жиі көтеріле бермейтін мәселелердің бірі бұл. Бәлкім, кейбірі «мал дәрігерлері келіп жағдайды реттер», десе тағы бірі «асықпай салынса да ештеңе етпес» деп немқұрайлық танытулары мүмкін. Дегенмен мәселе немкетті қарауды жатсынатын сыңайлы. Қалжыр ауылынан хабарласқан тұрақты оқырмандарыздың ірі қара малының көптен бері сырғаланбағандығын хабарлаған соң аудан басшылығына сұраухат жіберген едік, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Өздері сатып алуда

Жұмысқа деген салғырттық деп қарамаған жөн болар. Себебі ұсақ мал (қой, ешкі) қамтылып, ірі қараның назардан тыс қалуының өзіндік себебі бар көрінеді. Дегенмен тұрғындар мен аудан әкімдігінің пікірлері екіге жарылып отыр.

– Осыған дейін тиісті мекеме өкілдері мен мамандар келіп, ветеринария, оның ішінде малдарға сырға салу бойынша түсінік жұмыстарын жүргізулері тиіс. Егер сырға уақтылы салынбаса онда малымыз жоғалған жағдайда арыз жаза алмаймыз. Себебі ол тіркелмеген болып саналады. Мал төлдеген соң белгілі бір уақытта ветеринарлар келіп сырға салады немесе әкеліп беретін. Алайда ірі қара малдарға сегіз айдан бері сырға салынбаған, – дейді қалжырлық Гүлжихан Қадырханова (аты-жөні өзгертілген).

Тұрақты оқырманның сөзінше, мал дәрігерлері немесе аудан басшылығы тарапынан күні бүгінге дейін еш қозғалыс болмағандықтан тұрғындардың бірқатары сырғаны өз бетінше сатып алған. Қадырханова апамыздың қам жейтіні, егер «Ештен кеш жақсы» деп қазір сатып алса, онда туғанына бірнеше ай болған мал компьютерге ең соңғы күнмен тіркеледі. Ал сегіз ай бойы сырғаланбаған ірі қара ендігі бір мәрте төлдеп қоятын болды. Оған қоса, мал шаруашылығына ден қойып, субсидия ресімдеуге оқталған шаруагерлер үшін мұндай кемшін әрекет біршама тиімсіз.

Салынбауының себебі неде?

Ал аудан әкімдігі берген мәліметте күні бүгінге дейін сырға салынбауының нақты себебі көрсетілген. Жауапты тұлғалар былтыр облыс көлемінде ірі қара малдарына салынатын сырғалар келіп түспегендігін жеткізді.

– Осыған сәйкес барлық ауылдық округ әкімдіктеріне, шаруа қожалық иелеріне және мамандарға түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Ауылдық округ әкімдеріне хат жіберіліп, әлеуметтік желілерге жарияланған. Аудан тұрғындарына өз қаражатына сатып алынған эмиссиондық нөмір беріліп салынды. Кейбір ауыл тұрғындары өз қаражатына нөмірсіз сырға сатып алудан бас тартуларына байланысты сырғаланбаған, – деді аудан әкімінің орынбасары Қайрат Әзімбаев.

Тұрғындар сөзінше, ветеринарлық аптекаларда сырғаның бір данасы шамамен 170-200 теңге аралығында. Қалтасы көтерген адамға қымбат болып көрінбейтіндігі белгілі. Әйтсе де қалжырлықтар мемлекет тарапынан осы бағытта қомақты қаржы бөлінетіндігін алға тартып, соның лебі облысқа неліктен күні бүгінге дейін жетпей тұрғандығына аң-таң. Сайып келгенде, сауалдардың барлығы ірі қара малдардың уақтылы сырғаланбауынан туындап отыр. Аудан әкімдігіндегілер мұны биыл үкімет тарапынан сырғалау мүмкіндігі қарастырылмағандығымен байланыстырды. Соның салдарынан кейбірі құлақ жапсырмаларын өз беттерімен сатып алып, мал дәрігерлері сырғалау жөнінде түсінік жұмыстарын жүргізіпті.

– Қазіргі уақытта облыс орталығына сырғалар келіп түсті, ауданға жеткізілген соң сырғалау жұмыстары тегін жүргізіледі, – деді Қайрат Әзімбаев.

Түсінік жұмыстары жүргізілген

Бұдан бөлек, аудан басшылығы былтыр облыстық ветеринария басқармасының басшысы Рамиль Сағындықовтың қатысуымен Қалжыр, Боран ауылдық округтерінде тұрғындарға егу, сырғалау жұмыстары бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілген көрінеді. Түсінік жұмыстары құқық қорғау органдары өкілдерінің қатысуымен де жүргізілген. «Ол не үшін?» деген сауалға, жоғарыда Гүлжихан апаның айтқан сөзімен жауап берген жөн болар. Сырғаның уақтылы салынбауынан мал ұрлығы кезінде түсінбеушіліктер болуы мүмкін. Нақты айтсақ, тұрғындармен жолығып, анық-қанығын айтқандар аудан прокуроры, ішкі істер бөлімінің басшысы, сондай-ақ аудандық аумақтық инспекция өкілдері.

Сегіз айдан бері еш қимыл болмаған елді мекендерде, одан бөлек, жалпы аудан көлемінде сырғалау жұмысы бірнеше айда қолға алынады деуге сенім мол. Әкімдік өкілдері малды сырғалаудың талаптары жөнінде де ақпар ұсынған болатын. Ол туралы газетіміздің алдыңғы сандарының бірінде толығырақ мәлімет берілмек.

Әділхан ЕСІМХАНОВ