Күршім ауданы Марқакөл ауылының тұрғындары сапалы ауызсудың жоқтығына наразы

650
көрілім

Buqara.kz сайтына қоңырау шалған Күршім ауданы Марқакөл ауылының тұрғындары сапалы ауызсуға жарымай отырғандықтарын айтып шағымданды. Олардың сөзіне сенсек, ластанған суды тұтынудың салдарынан тұрғындар денсаулығына зиян келуде. Ал аудан әкімі Дулат Қажановтың айтуынша, биылғы жылы Марқакөлге орталықтандырылған ауызсу тарту үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге облыстық бюджеттен қаражат бөлінген.
 

Су басынан ластануда
Су – тіршілік көзі, өмірдің қуаты. Сапалы ауызсудың болуы тұрғындар үшін өте маңызды. Адам денесінің 80 пайызы судан тұратынын ескерсек, онда таза ауызсудың біздің өміріміздегі маңыздылығын айтып жатудың өзі артық болар. Бірақ бұл жолы айтуға тура келіп отыр. Себебі 3000-нан астам тұрғыны бар Марқакөл ауылында әлі күнге дейін сапалы ауызсудың жоқтығы көптің көңілін жабырқатты.
– Бізге ауызсу Орта Теректі өзенінен келеді. Өзеннің аяғында тоспа бар. Сол жерде су тазартылып, бүкіл ауылға құбырлар арқылы жеткізіледі. Өкінішке қарай, көктемгі жауын-шашын күндері су сарғыштанып лай болып келеді. Су сапасызданғанда көлігі барлар алыстағы бастаудан тасиды. Ал көлігі жоқтар амалсыз лай суды пайдаланамыз. Осының салдарынан денсаулығымызға да зиян келуде. Негізі, су басынан ластанып жатыр. Жаз айларында адамдар осы жерге суға шомылады. Ал төменгі жағында халық ластанған су ішіп отыр. Су тазарту құрылғысы қойылса да оң нәтиже бермеді, – дейді ауыл тұрғыны Мәшірәп Темірхан.
Оның айтуынша, ауылда басқа таза судың көзі болмағандықтан кей кездері лай болсада ішуге тура келеді екен. Тіпті ауыл толықтай ауызсумен қамтамасыз етілмепті. Тұрғындар күн санап кетеуі кетіп бара жатқан ауылдың жағдайына алаңдаулы.
– Көктем мен күзгі жаңбырда су мүлдем ішуге келмейді. Бұл мәселе туралы аудан әкіміне бірнеше рет хат жаздық. Бірақ нәтиже жоқ. Құлақтарының тосаңы ұстаған шенеуніктерден қайыр болмады. Соның салдарынан ауылдан тұрғындар көшіп жатыр. Халықты тұрақтандырудың екі-ақ жолы бар. Біріншісі, аудан ашылса, екіншісі, марқакөлге аудан орталығы статусын қайта қайтарса дейміз. Бұл ауыл кезінде аудан орталығы болып тұрғанда өте керемет еді. Сол кезде аурухана, мектеп, Мәдениет үйі салынған. Өкінішке қарай, маман тапшылығынан ауылдағы аурухананың жағдайы күн сайын кері кетіп барады, – дейді ауыл тұрғыны Қабдуәли Аманжолов.
 

Әкім не дейді?
Тұрғындардың бұл мәселесін аудан әкіміне кесе-көлденең тарттық. Дулат Қажанов осыған орай қандай жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтып берді.
– Марқакөл ауылында расымен де ауызсу мәселесі бар. Биыл облыстық бюджеттен Марқакөл және Күршім ауылдарына орталықтандырылған ауызсу тарту үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге тиісті қаржы бөлінді. Шілде айында байқау жарияланды. Қараша айында ЖСҚ толықтай аяқталады. Келесі жылы республикалық бюджеттен өтінім сұраймыз. Егер ақша бөлінсе, тиісті жұмыстар жүргізіледі, – деді Дулат Зайсанбекұлы.
Ауыл тұрғындары келесі жылы мәселе оң шешім табады деген үмітте. Оларға енді республикалық бюджеттен қомақты қаржы бөлінетіндігін күту керек. Ал дер кезінде ақша бөлінбеген жағдайда жатса ауылдықтар амал жоқ, сапасыз ауызсуды ары қарай да пайдалануға мәжбүр болатын сияқты.
Таунар ҚАЙРАТ