Күршім ауданында интернет бағаналарын орнатуға 700 млн теңгеден астам қаржы бөлінді

1034
көрілім
Фотосурет автордікі

Аудан басшысы Алмат Ақышов жуықта Өскеменде брифинг өткізіп, 2023 жылды қорытындылады. Биылға арналған жоспарымен бөлісіп, шешімін таппаған тақырыптарға да тоқталды. Ауызсу мәселесінен бастап, интернет, жол жөндеу туралы ақпараттарын ұсынды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Күршімде айналма жол салынады

Кіріспе ретінде статистикаға тоқталып, нақты мәліметтерді ұсынуды жөн көрдік. Әрі қарай сұрақ-жауап кезіндегі ақпараттармен бөліспекпіз. Алмат Талғатұлының айтуынша, ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі, негізгі капиталға салынған инвестициялар сынды бағыттарда бірыңғай өсім байқалады. Аудан халқының орташа жалақысы да 21 пайызға өсіп, 250 мың 820 теңгені құрады. Биылғы жоспардың ішінде «Жол жылына» қатысты жұмыстар басшылыққа алынған. Атап айтқанда: Күршім, Сарыөлең, Құйған, Алғабас елдімекендерінде ауылішілік жолдарды жөндеуге 800 млн теңге бөлінді.

– 2023 жылы басталған Күршім ауылындағы су құбыры желілерін қайта жаңғырту жұмыстары жалғасады. Алғабас ауылында су құбыры желілерінің құрылысын аяқтап, тұрғындар игілігіне беру жоспарланды. Қойтас ауылында блок-модульді станция орнатылмақ, – деді аудан басшысы.

Биыл Күршім, Үшбұлақ, Құйған, Сарыөлең ауылдарында балалар ойын алаңы, Күршім мен Ақшиде көше шамдарын орнату күн тәртібінде тұр. Құйғандықтар үшін қуанышты жаңалық сол, клуб ғимараты бой көтермек. Жалпы, ауданда 2,6 млрд теңгеге 30-дан астам жобаны іске асыру жоспарланды. Тұрғындарға қажет ірі жобаларды іске асыру үшін сметалық құжаттамалар әзірленіп жатыр. Олар:

– Күршім ауылындағы айналма жол салу жобасы;

– Сарыөлең және Құйған ауылдарындағы су құбыры желілері құрылысының жобасы;

– Орталықтандырылған жылу жүйесінің жобасы;

– Күршім ауылындағы су тазарту қондырғысының жобасы.

Сонымен қатар, меморандум арқылы жеке кәсіпкерлер есебінен Күршім ауылындағы спорт кешені мен Күршім №1 орта мектебіне жапсарлас спорт залын салу жобаларының құжаты жасалып жатыр.

Ал сұрақ-жауап барысында Аманат ауылына қатысты интернет тақырыбы тағы бір көтерілді.

– Құжат жүзінде аудан бойынша халықтың ғаламтормен қамтылуы 97 пайызды құрайды. Бірақ өзіме сегіз ауылда ғана сапалы интернет бар екені белгілі. Аудандар бөлінгелі алты елдімекен Күршімде қалса, екеуі Марқакөлге қарады. Сонда барлығы 21 ауылдың тек алтауында ғана интернет бар. Осы мәселені арнайы көтердік. Өткен жылы антенна-мачталық станцияларды орнату жағын жобалап бастадық, – деді Алмат Ақышов.

Бұл ретте 700 млн теңгеден астам қаржы бөлінді. Ол ақшаға төрт бағана салынбақ. Бірі – Үшбұлақ-Маралды бағытында, екіншісі – Жолнұсқау, үшіншісі – Қаратоғай бағытында.

– Ол не деген сөз? Қазір бізде көбі мобильді интернетпен қамтылған. Ғаламторды ауа арқылы жеткізу үшін сол бағаналар керек болады. Күршімнің көп ауылдары тау етегінде орын тепкен. Олар кедергі келтіреді. Қаратоғайға байланыс жету үшін екі бағана қажет. Біреуінің конкурсы аяқталды. Жеңімпаз – алматылық компания. Үшеуі әлі біткен жоқ. Тәмамдалса, бірден интернет тарту жұмысы қолға алынады, – деді аудан басшысы.

Көпір құрылысындағы күршімдіктер

Аманатқа қатысты ақпарат Жолнұсқауды айналып өтпейді. Алмат Талғатұлының мәліметінше, Аманаттағы интернет мәселесі биыл шешіле қоймайды. Ауылдар іргелес орналасқан. Алдымен Жолнұсқау қамтылса, сөз етілген елдімекеннің де жарасы жеңіл дейді. Редакцияға Қаратоғай ауылынан қоңырау шалған болатын. Ресми ақпаратқа сүйенсек, биыл Қаратоғай ғаламторға қосылады.

– Ауыл халқымен кездескенде осы жағын ашып айтқан болатынмын. Жыл біткенше шешімін табады. Айта кетерлік жайт, бағананы орнату бір нәрсе, оған құрылғыны қою өз алдына жұмыс. Ол ұялы байланыс операторларының міндеті. Әкімдіктің міндеті – биіктік ұсыну, жағдай жасау. Лицензиялық жауапкершілік деген бар, ол министрлікпен бекітіледі, – деді жауапты тұлға.

Түйіні сол, Аманат ауылына интернет биыл емес, келесі жылы жетеді. Аудан басшысының ақпараты осындай. Дегенмен Жолнұсқауға тартылған ғаламтор қуаты Аманатқа жетуі мүмкін екені тағы айтылды. Шағын ауылдағы ауызсу тақырыбына қатысты Алмат Талғатұлы 200 метр тереңдікте скважина қазылғанын, ол жерден таза су шыққанын жеткізді.

– Бұл ауылдағы ауызсу орталықтандырылған жоқ. Ауызсу скважина арқылы таратылады. Бірақ оны тұрақты айналдырып тұра алмаймыз. Ол белгілі бір уақытпен беріледі. Тұрақты айналып тұруы үшін әр тұрғын үйіне өздері тартып алулары керек. Олай істесе, су тұрып қалып, кейін сасып кетуі ғажап емес. Халық наразылығы су уақытпен берілген кезде туындауы мүмкін. Бірақ мұндай мәселелер биыл шешімін табады, – деді Алмат Ақышов.

Ресми ақпаратқа сәйкес, Бұқтырма су қоймасы арқылы салынып жатқан көпір құрылысы бірқалыпты. Қазір онда 100-ден астам күршімдік тұрақты еңбектеніп жатыр. Жоғары басшылықтағы инженерлер ғана сырттан әкелінген көрінеді. Күршім ауданы жұртынан бөлек, самарлықтар да құрылысқа үлестерін қосуда. Жұмысшы саны құрылыс күрделілігі мен маусымға қатысты өзгеріп отырады.

Қазір бірқатар ауданда су басу қауіпі сақталған. Алмат Талғатұлының сөзінше, соның алғашқы кезеңі саналатын қардың еруі бойынша қиындықтар артта қалды. Бастапқыда Бурабай мен Қаратоғай ауылдарына қауіп төнген. Себебі, таудан аққан қар суы тек көшелердің ортасымен өтеді. Себебі, су айналып өтетін канал қазылмаған. Кішкентай бұлақтар бар, бірақ олар келген судың көлемін сыйдыра алмайды. Соған қарамастан аталған аумақтарда тұрақты кезекшіліктер ұйымдастырылған. Қазіргі уақытта қауіп жоқ көрінеді.

Әділхан ЕСІМХАНОВ