Қытымыр қыстан қашып

363
көрілім

Қыстауға қоныс аударатын сібір елігі өңір жолдарында көптеп кездесуде

Қараша мен желтоқсан айларында Шығыс Қазақстан облысының аумағындағы жолдарда абайлап жүріңіз. Өйткені бұл аралық сібір елігінің қысы қытымыр емес, қары жұқа қыстауға көшетін мезгілі. Орталық Алтайдан Қалба сілемдерін бетке алып, ерке Ертіс пен Үлбіні малтып өтетін сібір елігі жүздеген шақырымды артқа тастап Көкпектінің қорғалған аумағы Құлынжонға табан тірейді. Мыңдаған жылдар бойына жалғасып келе жатқан құбылыс жайын біз белгілі өлкетанушы, орнитолог ғалым Борис Щербаковтан сұрап көрдік.

Біз ерекше көрініске кезекті іссапарлардың бірінде куә болған едік. Жаяу адамның бес қадамын бір-ақ рет орғитын тұяқты жануардың жыл сайын осы мезгілде қысы жайлы қыстауға қарай ойысатынын осыған дейін де көнекөз қариялардан еститінбіз. Белгілі өлкетанушы Борис Щербаков бұл хайуанның сан ғасырлар бойы Алтай мен Қалба төскейінде емін-еркін мекендегенін айтады.

- Сібір елігінің қыстайтын аумағы дәл осы жер деп дөп басып айту қиын, - дейді Борис Васильевич. - Өйткені оның қыстайтын аумағы өте кең. Ресей аумағында орналасқан орталық Алтайдан оңтүстік-батысты бетке алатын тұяқты жануар Батыс Алтай қорығындағы Коксин және Халзун сілемдерінің арасындағы даланы басып өтіп, Иванов қыраттарын, одан әрі Үлбі сілемдеріне шығады. Осы жерде жан-жаққа шашыла қозғалатын жануарлар табынының бір бөлігі Өскемен қаласының маңындағы Аблакет ауданының маңында Ертіс өзенін малтып өтеді. Бұл жерде патшалық Ресей кезінде орыс-казактары арнайы қоршаулар қойып, араларына шұңқырлар қазып қоятын. Жалпы, адамзаттың жауыздығында шек бар ма? Жабайылықтың бір түрімен олар сол кезде елікті мыңдап қырған. Аман шыққан еліктер Қалба сілемдеріне шығып, ары қарай Самар өңірін басып өтіп Көкпекті ауданының аумағындағы Қызылқұмға, Құлынжонға табан тірейді. 1970 жылдары бұл жерлерде екі мыңға жуық елік қыстайтыны тіркелген болатын.

Сібір елігінің осыншама көптеп қыстайтын аумағын байқаған өңір ғалымдары олардың тұрақты түрде көбеюіне жағдай жасау үшін Көкпекті аумағында Құлынжон қорықшасын құруды ұсынған.

- Құлынжон қорықшасы 10 жыл мерзімге құрылған болатын, - деп сөзін жалғады Борис Щербаков. - Аталмыш мерзім аяқталған соң мені шақыртып, сол өңірді бір аралап қайттық. Бұқтырма суқоймасының жағасында 140 шаршы шақырым алқапты алып жатқан Құлынжон қорықшасын аралап, қорықшаның мерзімін ары қарай созу жөнінде шешім қабылдадық. Ол кезде бұл жерде елік жаз мезгілінде де қалып қоятын. Қамыс арасында құр мен жабайы қабан мекендейтін. Жейтін тамағы болған соң қасқыр да көп болатын. Қазір ол жерде ең көп дегенде 500 бас елік мекендейтін шығар...

***

Бүгінде адамзаттың аяусыз аңшылығы арқасында Алтайдың елігі құрудың аз-ақ алдында қалғанын айтқан ғалым олардың қыстайтын аумағын кеңейтпесе болмайтынын айтып отыр. "Табиғаттың өзі реттейтін кейбір аң түрлерін біз өзіміз реттеуге тырысамыз. Міне осыдан бастап адамның жауыздығы басталады. Миллиондаған жылдар бойына қалыптасқан тіршілікті әп-сәтте көзден ғайып қыламыз" дейді ғалым-орнитолог.

Азамат ТЕМІРБЕКОВ