Мақаншыдан Астанаға дейін…

543
көрілім

Үржар ауданының тұрғыны Нұрлан Бейсембаев Мақаншы ауылынан велосипедпен жолға шығып, 9 күн ішінде Астана қаласына жетті. Кәсіпкер азамат 1400 шақырымдық сапарын Елорданың 20 жылдығына арнап отыр.

26 маусым күні Арқаға аттанған велошабандозды Мақаншы ауылындағы «Қабанбай қақпасы» алдынан туған-туысқандары мен жора жолдастары шығарып салды. 2017 жылы дәстүрлі Парыз байқауының «Еңбекті қорғау саласындағы үздік мекеме» номинациясының қола жүлдегері атанған Нұрлан Бейсембаев кесте бойынша күн сайын 140 шақырымды артқа тастап, еліміздің бас қаласына 10 күнде жетуді мақсат еткен.

– Мен осы сапарға мұқият дайындалдым, – дейді ол, – Велоспортпен әуесқой түрде ғана айналыстым. Сапар барысында екінші тынысым ашылып, Астанаға межелеген уақыттан 1 күн ерте жеттім. Жолай қонақүйлерге қонып, таңертең сағат 8.00-де қайтадан жолға шығып отырдым. Түскі 12.00-15.00 арасында түскі ас ішіп, демалып, сапарымды кешкі 19.00-20.00-ге дейін жалғастырдым.

Нұрлан Бейсембаев Семей қаласының көпірінде келе жатқанда велосипедтің дөңгелегі жарылыпты. Сол жерде тоқтап, екінші дөңгелек салып, сапарын ары қарай жалғастырған. Велошабандоз бұдан басқа ешқандай кедергі көрмегенін айтты.

– Менің артымнан автокөлік жүріп отырды. Күніне 160-180 шақырымды бағындырып 4-ші шілде күні Ақорда төріне жеттім. Бұл сапарымды Астананың 20 жылдық мерейтойына арнаймын, – дейді 53 жастағы Нұрлан Ақанұлы.

Айта кетейік, «EXPO-2017» Халықаралық көрмесіне орай, өткен жылы Өскемен қаласының тұрғыны Ғалымжан Тоқтар мамырдың 26 жұлдызы күні сағат 9:00-де облыс орталығынан Астана қаласына жаяу аттанған болатын. 16 күн ішінде 1050 шақырымды бағындырған желаяқ күніне орташа есеппен 70-75 шақырым қашықтықты жүгіріп отырған.

Талғатжан МҰХАМАДИЕВ