Малқора салып мазаны кетірді

327
көрілім

Опытное поле ауылының бір топ тұрғыны мал бордақылауды қолға алған көршілерінің әрекетіне наразы

Глубокое ауданына қарасты Опытное поле ауылында төрт түлігін көбейтіп, тасын өрге домалатуды ойлаған тұрғын көршілеріне қиындық тудыруда. Мал қиының жағымсыз иісіне тұншыққан Звездная көшесіндегі бір топ тұрғын газет редакциясына жүгінуді жөн көрген. Дегенмен, мәселеге байланысты жауап берген жергілікті билік өкілі оның мал қорасының маңы таза екенін айтып, мәселенің ауыл әкімінің бақылауына алынғанын алға тартты.

Мазамыз кетті

- Көршіміз мал бордақылай бастағалы бері бізден маза кетті, - дейді Бердібек Әзімбаев (аты-жөні өзгертілген) есімді Опытное поле ауылының тұрғыны. - Жағымсыз иісті былай қойғанда, оның үйінің маңынан жүрудің өзі қауіпке айналды. Ауласының ішінде үш ит байлаулы тұр. Шынжырын жиі үзетін иттері жартылай қоршалған ауланың сыртына шығып кетеді. Ересектерден бұрын ары-бері жүгіріп ойнайтын балаларды талап тастай ма деп қауіптенеміз.

"Ары-бері өткен адамды сиыр сүзіп, ат теуіп, я болмаса ит қауып алса кім жауап береді?" деген оқырманымыз жергілікті билік тарапынан "ай" дейтін ажа, "қой" дейтін қожа болатындай біреудің бақылауы керектігін айтады.

Бақылауға алынды

- Мал түлігі үй ауласында ұсталатындықтан олардың қора-қопсылары мал бордақылау алаңына жатпайды, - дейді Глубокое ауданы әкімінің орынбасары Сергей Кимасов. - Стандартқа сай, мал-құс ұстайтын қора-жай тұрғын үй терезесінен егер дара және қос блокты болса — 10, сегіз блокты болса — 25, сегіз және отыз блокты болса — 50 метрден кем емес арақашықтықта орналасуы қажет. Ал аталған азаматтың салған шаруашылық нысандарының талапқа сай салынған-салынбағанын мамандар тексерген соң анықтайды.

Жеке ауласында үш иттің барын, тексеріс кезінде олардың байлаулы тұрғанын айтқан жауапты тұлға олардың адамдарға қауіп төндірмейтінін хабарлады.

- Ірі қара малдары малшының қарауымен жайылымда екені анықталды, - деп қосты аудан әкімінің орынбасары. - Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 189-бабына сәйкес, өзіне тиесілі мүлікті күтіп ұстау ауыртпалығы меншік иесімен көрсетіледі. Залал келтірілген жағдайда меншік иелері залалды өтеу бойынша мүліктің жауапкершілігі меншік иелеріне жүктеледі. Яғни залалды толық көлемде өтеуге және жәбірленушіге келген зиянның өтемақысын төлеп беруі тиіс деп көрсетілген.

***

Мәселе Опытное поле ауылдық округі әкімінің бақылауына алынғанымен әлі де шешімін табуды қажет ететін жақтары көп. Төрт түлік пен қабаған иттен келіп-кетер қауіп-қатер аз емес. Сондықтан қай кезде болмасын, мәселенің алдын алып, уақытында тиісті шара қабылдағанымыз жөн болар.

Ерлен ОСМАНОВ
Шартты фотосурет