Маралдылықтар ауыл маңын тоқтаусыз қазып жатқан алтын өндірушілердің кетуін талап етуде

4074
көрілім

Осыған дейін XIX-XX ғасырларда иен даланы бетке алып, бағалы тастарды қазып пайдаға шаш етектен кенелеміз дегендер жергілікті тұрғындардың көз-жасына қарамай, аттылылар жаяу, пәрменділер баяу қадамдауларына себепші болған. Соңында өздері қырылып бітті. Жо-жоқ, мәселе көтеруге түрткі болған топ сондай кепке түссін деуден адамыз. Дегенмен айналаға орасан залалын тигізіп, жергілікті тұрғындардың еркін тыныстауына еш мүмкіндік бермей отырған алтын қазушылар шынымен шектен шыққандай. Күршім ауданына қарасты Маралды ауылының тұрғындары елдімекеннен бірнеше шақырым жердегі ойран әрекетке бір шара қолданылуын сұрайды.

Зиянды ауаның зарбады мол

Күршім ауылынан Маралдыға дейін шамамен 90 шақырым. Шыға берісіндегі бірнеше шақырым асфальтталғанымен әрі қарай тастақ, қиыршық тас, жылдамдықты сағатына 50-60 шақырымнан асыра алмайсың. Бұл да бір шешімін таппаған мәселе. Ел-жұрттың еті үйренді деуге келмес, дегенмен аудан орталығына дейін шаң жұтып, шыдап бағып келеді. Бұл жол-жөнекей көзге іліккен жайт. Алтай жотасының құшағында, тас төбеде күмбездей төңкерілген көгілдір аспанды жамылған Маралдыда интернет те әлі де әлсін-әлсін тартып тұр. Соған қарамастан тұрғындардың негізгі күнкөрісіне айналған мал шаруашылығын басшылыққа алып, тіршіліктерін жалғап келеді. Енді келіп жабысқаны бұдан да сұмдық. Иә, өткір болса да Маралдының қазіргі жағдайында «сұмдық» сөзі құлаққа жағымсыз естіле қоймас. Әлдекімдер алтын қазып жатыр.

Алдымен Қалжырға ауыз салып, сонымен қатарласа Маралдының маңына да қырғидай тиген. Осы жайт немкетті қарамауды талап еткендіктен Күршім өңіріне бармай тұрып, әлдене деу артық еді. Барғанымызда ауыл тұрғындары әдепкі тірліктерін былай ысырып, кенедей жабысқан келеңсіз жайтпен бөлісуге асық тұрды. Алдымен ауыл маңындағы айғыздалған жерлерге атізін салмай тұрып, Мейіржан Итжанов сөз алды. Ауылы үшін шыр-пыр болған азаматтардың бірі.

– Біздің айғайымызды тыңдап тұрған ешкім жоқ. Осындай ашық әдіспен алтын өндіріп жатқандардың әрекетіне қарсымыз. Күні бүгінге дейін мал өсіріп, шөп шауып, жерімізді жыртып күнелтіп келдік. Ал қазір сол ормалығымыз оталып, шабындығымыз шынжыр табандының пәрменімен лезде шұңқырға айналды. Ойлаңыздаршы, егер фабрика салынса олар жүздеген гектар жердің ойранын шығарады, сонда біз малды немен асыраймыз? Ол аз десеңіздер, ауыр металл тозаңы ауаға сіңіп, демалудың өзі қатерге айналады ғой, – деді тұрғын.

Шабындық емес шұңқырға айналды

Тағы бір айта кетерлігі, Маралдыда қатерлі ісіктен көз жұмғандар бар екен. Дені жастар болса керек. Тұрғындар мұның бір себебін тоғыз жыл бұрын «бұл тек барлау жұмыстары» деп тереңдеп енген мердігерлердің қазған жерлерін қайта тегістемей кетулерімен байланыстырды. «Жастарымыздың бақиға аттанғандарын көріп отыра бермекпіз бе, сайлау кезінде жарық орнатамыз, су тартамыз деп уәде бергендер қайда жүр?» деген ойдың астарында маралдылықтардың жанайқайын ешбір атқамінер құлақ түріп тыңдамағандай. Бұдан соң Құрмет Қасайнов та ауыл экологиясының уақыт өткен сайын нашарлап, ауыр техника тізігіндегендердің екілене әрекет етулерін Маралдының басты түйткіліне айналғанына шәк келтірмеді. Анығы мен қанығы айқындала бастаған соң «қазына іздеушілердің» кен орнына тарттық.

Он шақырымға жуық жол жүріп нықтап табан тіреген мердігерлерлің мекеніне жеттік. Арнайы техникалар мен құрал-жабдықтар, дәл жанында тасқын судан лезде тартылып қалған көлдің орнындай шұңқыр. Тұрғындардың айтуынша, бірнеше жыл бұрын бұл жер шабындық болып, тракторлар мал азығын алаңсыз тасыған. Қазір ше? Бей-берекет қазылған ұралар маралдылықтарды ауылдан 20-25 шақырым жерлерге дейін ұзап, шөпті шалғай жерден әкелуге мәжбүрлеген. Көз көрім жерден алтын жуушылар да ұшырасты. Алаңсыз. Екпінмен аққан бұлақ суын руда күйінде жатқан бағалы металлды жууға пайдаланып жатыр. Иә, жұмыс барысы, міндеттері сол. Алайда жайылымда жүрген малдың лайланған көлшікке келіп су ішуі қатер бұлтын одан ары үйіре түсті. Ауру-сырқау да түптің-түбінде үй жануарларынан тарайды ғой?! Көп жағдайда алтын қазылған жерде уранның да төбе көрсететіні белгілі. Ал жергілікті азаматтардың көкейінде жүрген сауалдарлың бірі мынау – «Барлау мақсатымен қазған екен, неліктен артынан қайта жауып, тегістеп отырмайды?».

Қоғамдық тыңдау қашан болды?

Бір есептен, жоғарыда жазылған ауыр металлдың шаңы ауаға сіңіп, ауылға қарай соқса, ірі қара малының талай рет қазылған шұңқырларға құлап кеткені тағы бар. Әйтеуір тағы бір жотадан асып тоқтағанымызда осы жердегі геологтардың бірі зауытқа құрылысына қатысты ресми жауап ұсынды.

– Зауытқа қатысты сауалға жауап беру менің құзыретіме жатпайды. Қазір бұл жерде тәжірибелік-өнеркәсіптік пайдалану жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл тиісті жобаға сәйкес қарастырылған. Ал жобаның өзін мемлекеттік органдар бекіткен, бір жыл бұрын ба екен, нақтысын білмедім. Мұндағы барлау жұмыстары әлі 3-4 айға созылады, дегенмен соңынан қайта жауып, тегістеу жұмыстары міндетті түрде жүргізіледі. Жалпы, жұмыс жүріп жатқан аумақ «Maralicha ЖШС-нің» меншігінде, – деген бас геолог Оңғар Сейтқазин биыл қазылған жерлердің биыл тегістелетінін баса айтты.

Тағы бір сөз еткені, аталған мекеме барлау жұмыстарын бес жыл бұрын қолға алған. Алайда маралдылықтар бұның әлдеқайда ерте, тіпті тоғыз жыл бұрын басталып кеткендігіне сенімді. Содан бері төңіректі тінте қазған әрекеттері ашуға тиіп, дүркін-дүркін аудан әкімдігіне жүгінуге әкелген. Дегенмен аудан басшылығы көңілдері күпті көпшілікке ауыз толтырып ешнәрсе айтпаған көрінеді. Себебі төңірекке тоғыз жыл бұрын баса-көктеп кірген кен қазушылар әрекетін түсінідіру мақсатында қоғамдық тыңдау тиісті деңгейде өткізілмеген. Мұны тұрғындар да растап отыр.

– Білмейміз қашан болғанын. Бәлкім, біздің қатысуымызсыз, әкімдік өкілдері мен пошта қызметкерлері бас қосқан шығар. Осы жердегі ешбіріміз хабардар емеспіз, сонда халық үніне құлақ асатын мемлекет қайда? – десіп жатты тұрғындар.

«Министрлік мақұлдаған»

Тағы бірнеше қазылған орынды аралап, жағдаймен танысқанымызда көпшілік арасына қаймықпай, қара көзілдірігінің ар жағынан ойға шомған кейпі байқалған әлдекім кіріп келді. Мердігерлердің үстінен қарайтын жауапты тұлға екені бірден байқалды. «Maralicha» тау-кен комбинаты» ЖШС-ның басшысы екен.

Ануар Рахимов

– Қазба жұмыстарымен 2015 жылдан бері айналысып келеміз. Келісімшартқа сәйкес кен өндіруге құқылымыз. Еліміздегі Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі дәл осы пайдалы қазбалар жұмысын мақұлдаған, – деді Ануар Рахимов. – Кен өндіру жұмыстары биылдан басталды.

Осы сөйлемнің шығуы мұң екен, маралдылықтар көкейге тығылған сауалдарын қарша боратты. «Биыл өндіріп бастасаңыздар, алдыңғы жылдары дәл осындай жұмыс қалайша жүргізілді? Былтыр қазылған жерлер неліктен әлі сол қалпы?» және тағысын тағы. Бірақ басшының берер жауабы дайын екен. Айтуынша, манағы қоғамдық тыңдауды ауыл әкімі жүргізіп, 11 адам қатысқан жиында қазба жұмысының егжей-тегжейі түсіндірілген. Алты жылдан бергі барлау әрекеттерінде бес миллиард теңге қаржы жұмсалғанын да баса айтты. Тіпті десеңіздер, аумақ «Maralicha» тау-кен комбинаты» ЖШС-ның иелігіне бекітіліп, Маралды ауылына ресми түрде тіркелген. Өздері компания деп атаған мекеме елдімекенге әлеуметтік аударымдарын да жасапты-мыс.

– Қазір ауылға ауызсу тартып, жол жөндеу қолға алынған. Ауруханаға дәрі-дәрмектер мен медициналық құрал-жабдықтар сатып алынып, мешіт маңына көмір түсірілді. Бірқатар тұрғын бізде жұмыс істейді. Ауылға көмек қолымызды созып жатырмыз, – деп сөзін аяқтады Ануар Рахимов.

«Зауыт салынбасын»

Айналасын жоталар қаумалап, ауыл ішімен еркелей аққан өзен Маралдының бойтұмарына айналғандай. Алайда сол бойтұмардың құндылығын жоғалтып, лайлану қаупі қазірдің өзінде байқалады. Себебі қазба жұмыстары ауыл маңынан алыс емес. Ылдиды қуалап аққан лай су көп ұзамай елдімекендегі тұнық суға төне түсетіні анық. Осының барлығын ескере, маралдылықтар компания басшысының су тарту, жұмысқа орналасу сынды ұсыныс-көмегіне мүлде қызықпады. Қайта «Айналамыз астаң-кестең болып, табиғат бүлініп, экология ластанып жатқанда мұндай көмекке еш мұқтаж емеспіз» деп кесіп айтты.

Сайып келгенде тұрғындар үздіксіз жалғасып жатқан қазба жұмыстарына түбегейлі қарсы, «Зауыт салынбасын, республиканың түкпір-түкпірінен эколог мамандар келіп, тексеріс жүргізілсін» дейді. «Еститін мемлекет» үрей әлемі үнемі есігін ашып, ауыл үшін алаңдап, ашуланған ағайынды естімей жатқаны өкінішті-ақ жайт.

– Мұның артында кім тұрғанын біз біліп болмаймыз. Күршім, Катонқарағай, Тарбағатай аудандарының шекаралық өңірлер екені белгілі. Жыл сайын пәленбай-түгендей адам қоныс аударды деп естиміз. Ал олар көшпеу үшін соған лайық жағдай жасалынуы керек қой. Халық пікірімен еш санаспай атқарылған жұмыстан гөрі шаруашылығымызды қолдап, тірлігімізге кедергі келтірілмесе ғой тым құрығанда?! – десті тұрғындар.

***

Мақала әзірленіп жатқанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәселенің мән-жайын зерттеп, кінәлілерді жазаға тарту жөнінде мәлімдеме жасалғаны жайлы мәліметтер тарады. Тақырып Қалжыр өзеніне қатысты болғанымен Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Маралдыға да атбасын бұратын шығар деген үміттеміз.

Әділхан ЕСІМХАНОВ