Миллионнан аса қазақстандық мобильді ХҚКО-ға тіркелген

507
көрілім

Мобильді азаматтар базасына тіркелген 7 млн аса пайдаланушы eGov mobile қосымшасы мен Telegram, Vk, Fb мэссенджерлері арқылы сұранысқа ие анықтамалар мен сервисті ХҚО-ға бармай-ақ ала алады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Ұялы телефон көмегімен бірқатар мемлекеттік қызметтің қолжетімділігі жөнінде бүгін Үкімет отырысында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма төрайымы Әсемгүл Балташева айтып өтті.

- Бүгінде 1,5 жыл бұрын қолданысқа енген egovkzbot2.0 телеграм-ботын 654 мың қазақстандық жүктеп үлгерген, - дейді жауапты тұлға. - Оның көмегімен азаматтар көбіне соттылықтың болу/болмауы, псих-нарко диспансерлердің есебінде болмау, жылжымайтын мүліктің болу-болмауы сияқты қызметтермен, сондай-ақ ХҚКО кезегін брондау, айыппұлдардың барын тексеру тәрізді сервистерді жиі пайдаланған.

Электронды үкімет порталының ұялы телефонға арналған eGov mobile қосымшасында бүгінде 28 қызмет қолжетімді. Жаңарған қосымша ЭЦҚ-ны биометрия мәліметтерімен сәйкестендіріп, авторизациядан жылдам өтуге мүмкіндік беріп отыр. Өз кезегінде оны қазақстандықтар 1,5 айдың ішінде 205 мың рет жүктеп алған.

- Халық ыңғайлығы үшін сұранысқа ие анықтамаларды смартфон арқылы жылдам әрі оңай алу мүмкіндігін жасадық. Кейбір анықтамаларды не бәрі 1 минуттың ішінде алуға болады. Есесіне қаншама уақыт, қаржы үнемделеді. Адамдар ХҚКО-ға ұмтылмай, қалтасындағы ұялы телефонның бар мүмкіндігін пайдалануы тиіс, – дейді басқарма төрайымы.

Тұрғындар арасында «Қалтадағы ХҚО» қызметін пайдаланушылар санын арттыру үшін әр ХҚКО-да мобильді тіркеу секторлары ашылған. Онда мамандар азаматты базада тіркеп, бірден қосымша мен телеграм, фэйсбук және ВКонтакте әлеуметтік желілеріндегі боттар арқылы қызметтерді алу жолдарын көрсетеді.