Мұхамеджан Тазабек: «Даналықтың бастауы – бала кездегі іргетастан»

1320
көрілім
ult.kz

«Ағасы ақылдының ауылы азбайды» дейді дана қазақ. Ел болашағын ту еткен жастарға бағыт-бағдар беріп, сара жолды нұсқап жүрген айтыскер ақын, «Асыл арна» телерадиокомпаниясының бас директоры Мұхамеджан Тазабек Өскемен қаласына келді. Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚМУ студенттерімен жолыққан Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері ғибратты сөз қозғап, қойылған сұрақтарға мәнді де мағыналы жауап берді. Сайт тілшісіне де алтын уақытын бөлген Мұхамеджан Оразбайұлымен салиқалы тақырыпта сүбелі сұқбат құрған едік.

Мұхамеджан аға, өзіңіздің балалық шағыңыз жайлы айтып берсеңіз...

– Мен 1975 жылы 3 шілдеде Жамбыл облысы, Байзақ ауданындағы Талас өзенінің бойындағы Шахан ауылында дүниеге келдім. Біздің ауылымызда азғана үй болса да, исі қазаққа танымал көп адам шыққан. Елдің сүйіспеншілігіне бөленген отауызды ақын Әзімбек Жанқұлиев ағамызбен көрші тұрдық. Қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров те біздің ауылдас. Осындай палуандардың, ақындардың көзін көріп, олардан үлгі-өнеге, тәрбие алып өстік. Төрт жасымда әкем Оразбай қатты сырқаттанып дүниеден өтті. Анам әмеңгерлікпен әкеміздің бауырына тұрмысқа шыққандықтан, әкеміздің жоқтығын еш сезген жоқпыз. Мектеп бітірер жылы біздің бағымызға орай Қазақстан тәуелсіздік алып, азат өмірге қадам бастық. Айтыс өнері, Наурыз мейрамы қайта жаңғырып есігімізге қайтадан ислам діні кірді.

Менің өмірімді өзгерткен бірнеше оқиға болды. Оның бірі 90-жылдары Берген Байғошқанов деген үлкен деңгейде қызмет жасаған адам, әр түрлі жағдайлармен біздің совхозға директор болып келді. Келе сала көпшіліктен «бұл ауылда аты шығып жүрген қандай өнерпаз бар?» деп сұрады. Дүйім жұрт мені атаса керек, ол кісі шақырып өнерімді тыңдап, батасын берді. Сол уақыттан бері мені қасынан тастамайтын болды. Қандай жиынға, тойға барса да ертіп жүріп, мектеп жасындағы бала болсам да 120 сом айлық тағайындады. Бұндағы ниеті «айтысқа барсын, кітап, қағаз, қалам сатып алсын» деп демеушілік көрсету. Осы ағам дер кезінде бетімізді қайтармай, белімізді буып, жұртпен араласуымызға көп қамқорлық жасады.

Берген ағамыздың екінші көмегі 1991 жылы Алматыға алып барып, Дінмұхамед Қонаевпен таныстырып, батасын алғызды. Бұл кезде мен небәрі 14 жастағы бала едім. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетінде бірінші курста оқып жүргенімде тау тұлға Дінмұхамед атамыз телефонын беріп, «үйге келіп тұр» деді. Сөйтіп, біраз уақыт ол кісіге қонақ болып барып жүрдім. Үйге кіргенде «Ассалаумағалейкүм, ата» деп сәлем беремін. «Уағалейкумассалам! Бар бол балам» дейтін Дінмұхамед Қонаевтың екінші сұрағы әркез «Елдің жағдайы қалай?» болатын. Осыны естігенде сасып қалатынбыз. Себебі көбісі «әке-шешең қалай?», «қарның ашып жүрген жоқ па?», «сабағың қалай?» десе, ол атамыз елдің халін сұрайтын. Сол кезде көкірегімді алғаш рет «шынымен де осы елдің жағдайы қалай екен?» деген сұрақ торлады. Енді келесі келген кезде Дінмұхамед атамызға елдің жағдайын айту үшін дүңгіршектен газет сатып алып, соңғы ақпараттарды оқымаққа бел байладым. Ол жылдары қой қырылып, талай жерде шөп шықпай жатты. Сол мәселелердің барлығын жаттап барып, атам «ел қалай?» деп сұрағанда бір-бірлеп айта бастадым. Бұны естіген Дінмұхамед Қонаев күліп жіберді. Шын мәнінде елді ойлаған адам, сағаттап ақыл айтпай, сұрақ қоюмен-ақ баланы тәрбиелей алады екен. Сонда ол кісі маған «ел қалай?» деп сұрауы арқылы елдің баласы болуға жол көрсеткен екен ғой.

С.Аманжолов атындағы ШҚМУ студенттерімен кездесіп, сүбелі сөз қозғап, бірқатар сұрақтарға жауап бердіңіз. Өскеменнің өскелең жастары сізге қандай әсер қалдырды?

– Республиканың барлық облыс орталықтарын аралап, жастармен жолығып жүрміз. Соның ішінде Өскемен жастарының сұқбатқа деген ынта-ықыласы басқа жердегілерден айрықша болды. Бұл ана тілімізде айтылған рухани мәселелерге деген жүректегі ерекше ыждаһаттың белгісі шығар. Басында кездесу 1 жарым сағатта аяқталатын шығар деп ойлап едім, бірақ үш сағатқа созылды. Жастардың біз қозғап жүрген тақырыптарға деген қызығушылығы содан-ақ байқалады деуге болады.

Өзіңіз айтқандай, еліміздің түкпір-түкпірінде жастармен жолығып, ғибратты әңгіме айтып жүрсіз. Байқауыңызша, жастарды көбінесе қандай сұрақтар мазалайды?

– Жастар көбінесе алдағы бағыт-бағдарын айқындап, өмірдегі өз орнын тапқысы келеді. Тұлға болып қалыптасу үшін ел мүддесін ту еткен патриот тұлға болу үшін не істеу керектігін сұрайды. Отбасылық құндылықтар, әке мен шешенің орны, туыс-туғанмен байланыс, одан кейін жар таңдау, мамандық таңдау мәселесі де жиі қозғалып жатады. Қыз-жігіттердің бір-біріне көңіл білдірулеріндегі байсалдылықтың жоқтығынан, алдап-арбаудан, жалған сезімнен зардап шегіп жатқан жастардың жанайқайын естиміз.

Біз қазір нені аңсаймыз? Аузы дуалы ақсақалды, қазына қарияны, абыздар мен елдің ертеңіне алаңдаған ел ағасын аңсаймыз. Соның бәрі қайдан пайда болады? Ақсақал аспаннан жаумайды, абыз адам жерден өсіп шықпайды. Қазыналы қария да, ел ағасы да қалыптасудан пайда болады. Қарасақ, адам бала кезін бақытқа, білімге толтырмаса жалындаған жасөспірім қайдан шықпақ? Ал жасөспірім шағын тек күліп-ойнауға, ыржаң-тыржаңға кетірсе, одан ер жігіт, ана болатын ару пайда бола ма? Жігіт отызда орда бұзбаса, қырықта қамал алмаса, ол ертең ел ағасына айналмайтыны анық. Ел ағасы болып жұрттың жүгін көтермеген адамның ақсақал болып жарытпайтыны бәрімізге аян. Сондықтан бүкіл абыздықтың да, даналықтың да, көсемдіктің де, шешендіктің де бастауы – бала кездегі іргетастың мықты қалануы, алтын уақыттың бос нәрсеге жұмсалмауы екен.

Қазіргі технология дамыған ғасырда жұрттың барлығы дерлік ғаламторсыз, ұялы телефонсыз өз күндерін елестете алмайтын күйге жетті. Бұл заман індеті дегенмен келісесіз бе?

– Бүгінгі таңда соткасын жоғалтқан адам, соскасынан айырылған бала сияқты. Ұялы телефоныңызды бір жерде ұмытып кетсеңіз болды, бірден әуре-сарсаңға түсесіз. Себебі бәрі қазір осы телефонға байланысты болып қалған. Біле-білсеңіз, жапон халқының 30 пайызы әлі күнге дейін смартфон пайдаланбайды. Ғаламторға кіреді, бірақ компьютер, ноутбук арқылы ғана. Біз сияқты күні-түні телефонды құшақтап жүрмейді. Неге бұлай? Себебі әр нәрсенің шекарасы мен шегі болуы керек. Біз күніне мың рет смартфонның бетін сипаған кезде, бір рет те жетімнің басын сипамаймыз. Телефонды сағаттап қолтықта қысып жүріп, ауруханада жатқан туысымыздың аптасына бір рет те қолын қыспаймыз. Мүлде керексіз сайттарда азаннан кешке дейін отырғанда кейде әкеміз қоңырау шалып қалады. Сол кездері желкесіне көтеріп өсірген әкеміздің қоңырауын көтеруге құлқымыз бола бермейді. Міне шекарадан шығу деген осы. Бірақ әрине өз орнымен пайдаланған дұрыс. Удың да өлшесе шипасы бар. Сондықтан шектен шықтай, телефонның тиімді жақтарын ғана қолдану керек.

Шығыс Қазақстан облысында бір жылда орташа есеппен 10 мың адам отбасын құрса, оның тең жартысы ажырасып жатады. Оған не себеп деп ойлайсыз?

– Бұның жалғыз себебі жоқ. Жастардың көп ажырасуына бірнеше факторлар әсер етеді. Біріншісі – дәстүрлі тәрбиенің әлсіреуі. Екіншісі – ұлды немесе қызды отбасын құруға дайындау мәселесіне келгенде ата-ананың немқұрайлық танытуы. Үшіншісі – технологиялар дамып, ақпараттар тасқыны қарқындап тұрған заманда көңілді ауықтыратын, ең басты құндылық отбасын емес, құмар ойын, түнгі клуб деген сияқты басқа нәрсені ойлауға итермелейтін дүниелердің тым көптігі. Төртіншісі – кино мен музыкалық шығармалар отбасын күйрететін жалған махаббат, романтика, әр-түрлі қиялға толы қызық өмірді насихаттайды. Ал отбасы деген не? Ол күнделікті қайталана беретін өмір. Оны өзің мазмұнды, берекелі қылмасаң, ешкім де сырттан келіп саған өзгеріс жасап бермейді.

Қазір «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында деп көптеген шаралар атқарылып жатыр. Бірақ, өкінішке орай, рухани жаңғыруға мүлде қатысы жоқ шараларды да осы бағдарламаға қосып жатқандар қаптап кетті. Сол қаншалықты дұрыс?

– Құдайдан түскен құранның өзін әркім әр түрлі түсінеді. Ізгі адамдар оны жақсы жағынан, ал террористер теріс жағынан пайымдап жатыр. Құранды солай қабылдайтындар болғанда, Елбасының мақаласын басқалай түсінетіндер әрине кездеседі. Нұрсұлтан Назарбаев айтты ғой, рухани жаңғыру дегеніміз ол елдің, жердің тарихын білу, қоғамға нақты пайдасы тиетін бағыттарда жұмыс жасау. Бұл бағдарламаны теріс түсініп жатқандардың болуы таза адами фактор. Оны қате ұғып, өзінің жүрмей жатқан жобасын рухани жаңғырудың астына тығып, жеке есебін түгендеп жүргендер баршылық. Мұны жоққа шығаруға болмайды.

Шенділер «әскерде әлімжеттік жоқ» деп қанша жар салғанымен, әскер қатарында жүрген сарбаздардың ішінде жәбір көріп жатқандар жайлы жиі естиміз. Сонда әскерге барған жігіт 1 жылда қандай тәрбие алып шықпақ?

– Ер адам сөзсіз әскерге барып шыңдалуы керек. Себебі ертеңге күні елдің басына қандай жағдай түсетінін бір Алла біледі. Сондықтан әрбір ер бала ата-анасының қасынан ұзап шығып өмірдің мектебін көріп, қолына қару алып сарбаз болып көруі қажет. Бірақ мемлекет өз тарапынан да әскер мәдениетін қалыпқа келтіру үшін бірқатар шараларды атқарған жөн. Адамдардың руханияты біртіндеп өзгерумен келетін нәрсе. Бір күнде бұйрық беріп әскердегі әлімжеттікті алып тастау мүмкін емес. Мысалы, әлемдегі ең қуатты әскері бар мемлекеттердің бірі саналатын Түркияда әскер ахуалы өте жоғары деңгейде. Бұл түрік халқының Осман империясының жұрнағы болғанынан да, әлде біреудің құлы болып отарлық психологиядан өтпегенінен де шығар бәлкім? Тағы бір айта кететіні, бір-біріне әлімжеттік көрсету деген қазақтың қанында мүлде болмаған. Бұл кешегі кеңестік кезеңдегі Сталин режимінде қалыптасқан, қолдан жасалған дүние. Билік басына келген арам ойлы басбұзар адамдар түрмедегі түсінікті жүйеге келтіріп халықты басқаруға қолданған. Міне осы нәрсе біздің әскерде де қалыптасқан. Осы жағдайды бір қалыпқа келтіруіміз керек. Әйтпесе, ұлдың әскерге деген құлшынысы азаяды, жігіттердің жігері жаншылады, ата-ананың уайымы көбейеді. Сондықтан мәселенің мәнісін түбегейлі зерттеп, мемлекеттік тетіктер арқылы әскерді жыл сайын кемелдендіруге тырысуымыз қажет.

Сұқбатыңызға рахмет!

 

Талғатжан МҰХАМАДИЕВ