Олимпиада ойындары уақытының шегерілгені қай палуандарға қолайлы?

393
көрілім
Шартты фотосурет

Сәтін салса, 2021 жылы шілде айының 23-і күні жер жаһанның «сен тұр, мен атайын» деген үздіктері Жапония астанасы Токиода бас қосады. Қазіргі қауіпті індеттің беті қайтып, оқу-жаттығу жиындары мен тыңғылықты әзірліктер жалғасын тапса, Олимпиада ойындары алдындағы іріктеу додалары да қайта жанданбақ. Дегенмен бір жыл ішінде бірінің күш-қуаты толысса, бірінің бабы кетіп, дайындығы да төмендеуі мүмкін, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Ащы термен келген тәтті жеңістеріне қол жеткізіп, Олимпиада ойындарының жолдамасын иеленген атлеттер үшін қазіргі үзіліс түрліше әсер етуде. 2016 жылы Бразилия елінде өткен аламан да тарих қойнауына кетіп, сол сайыста жүлдеге сынық сүйем қалғанда сүрінгендері дайындықты күшейтіп, Токио төрінде атой салсам деген арман-тілектері аспандап тұрған болатын. Дәл қазір үлкен спорттан алшақтауды құп көрмейтін атлеттер үй жағдайында әзірліктерін жалғастыруда. Осы жағдай, яғни Олимпиаданың бір жылға шегерілуі еркін күрестен Ұлттық құрама мүшелерінің қай өкілдеріне қолайсыз немесе кімдер үшін тиімді? Бұл сұраққа Ұлттық құрама бапкері әрі кеңесшісі Майрбек Юсупов ойын ортаға салды. Білікті бапкер ғаламшардың үздік деген спортшыларына да тоқталды. Сонымен алғаш болып тиек еткен 125 келіге дейінгі салмақта Азия чемпионы атанған Юсуп Батырмурзаев. Сәуір айының 13-і күні 24-ке толды. Осыдан екі ай бұрын Үндістанда өткен құрлықтық чемпионаттың жартылай финалында Әлем чемпионатының қола жүлдегері, үші дүркін Азия чемпионы ирандық Парвиз Хадиді, шешуші сында моңғолдың мықтысы Худербулга Доржандты айқын ұтып, айды аспанға шығарған еді. Батырмурзаевқа қарсылас атанған қос спортшы да ересектер арасында мол тәжірибеге ие екендігін ескерсек, отандасымыз үшін 1 жыл ішінде дайындығын күшейтуге тамаша мүмкіндік бар. Білікті маман 74 келіге дейінгі дәрежедегі көкпектілік Данияр Қайсановқа да оң әсер ететіндігін мәлімдеді. Даниярдың жасы қазір 26-да. Екі дүркін Азия чемпионы үшін спорттық бабын жинап, сыралғы қарсыластарына төтеп беру үшін бұл үзілістің оң ықпалы болуы мүмкін. Одан бөлек, 97 келі салмақтағы Әлішер Ерғали жиырманың ары жақ, бер жағында. Құрама үздіктерінің бірі – Нұрислам Санаев (57 келі) ақпан айында 29-ға толса, тағы бір тәжірибелі палуан Дәулет Ниязбеков (65 келі) ақпан айында орда 32-ге толды. Кім білсін, әр спортшы үшін Олимпиада ойындарының жүлдесі түрліше бұйырады. Майрбек Юсупов Ұлттық құрама мүшелерін тізбектей келе, әлемдік еркін күрес сахнасында мықтыларға да тоқталды. Айталық, Олимпиада ойындарының чемпионы, екі мәрте Әлем чемпионатын ұтқан ирандық Хасан Яздани (86 келі), Әлем чемпионы атанған АҚШ-тың үміті Дэвид Тэйлор (86 келі), сондай-ақ Олимпиада, екі дүркін Әлем чемпионы түркиялық Таха Акгюль үшін де дүбірлі доданың шегерілуі оң әсер етпек.

Хасан Яздани

Себебі еркін күресте еркін көсіліп жүрген сақа спортшылар бірнеше ай бұрын ота жасатып, толыққанды қалыпқа келіп үлгермеген. Бәлкім, төртжылдықтың басты бәсекесі биыл өтсе, спорттық бабына ене алмай қалулары да мүмкін еді. Құрама бапкері қазіргі қарбалас кезеңнің ресейлік палуандар үшін айтарлықтай әсер болмайтынын мәлімдеді. Айтуынша, ол жақтағы «мен», «мен» деген спортшылардың орташа жасы – 24-26 жасты құрайды. Одан бөлек, ішкі бәсекелестіктері нақты фавориттің ауысуына негіз болары сөзсіз. Ресейліктер үшін көптеген салмақтың бірнеше үздігі болғанымен 125 келіге дейінгі дәрежеде лайықты үміткердің шықпай жатқандығы бапкерлер үшін бас қатырар мәселе болып тұрғаны да рас.