Оңдасын Елубай: "Ғұмырымның 50 жылын журналистикаға арнадым"

874
көрілім

Журналистика – мамандық емес, ол – өнер. Халық пен билік арасын жалғайтын алтын көпір болу асқан шеберлік пен дәлдікті талап етеді. Бүгінгі біздің кейіпкеріміз журналистика саласында ойып тұрып орын алған ерек жан. Зайсан ауданының тумасы Оңдасын Елубай «Коммунизм туы» газетінде өз жұмысын бастаған. Тілі орамды, сөзі шұрайлы журналист спорт тақырыбында көп қалам тербеп, салт-дәстүрі мен мәдениеті алуан түрлі 30-дан астам мемлекетті шарлаған. Елеулі еңбегі үшін ол «Құрмет» ордені, «Қазақстан спортына сіңірген еңбегі үшін» медалі сынды марапаттарды иеленді. Ақыл құсы адаспай аспандаған ардагер тілшінің сүйікті саласында тер төккеніне биыл 50 жыл толып отыр. Айтулы датаға орай журналистиканың жілігін шағып, майын ішкен Оңдасын ағамызбен жүздесіп, салиқалы тақырыпта сүбелі сөз қозғадық.

Әңгімеміздің әлқиссасын журналистика саласына қалай келгеніңізден бастасақ…

Өскемен қаласындағы Жамбыл атындағы орта мектеп-интернатынан түлеп ұшқан соң, жоғары оқу орнына түсе алмай, облыстық «Коммунизм туы» газетінде корректордың көмекшісі, одан кейін корректор болып жұмыс істедім. Мектеп қабырғасында жүргенде қиялымды көкке самғатып, толғана қалам тербеткен әңгімелерім мен әртүрлі тақырыптағы мақалаларым газет беттеріне жарияланып тұратын. Редакцияда бір жылдай уақыт еңбек еткен соң қазіргі Әл-Фараби атындағы ҚазМУ-ға түсіп, 1973 жылы тәмәмдадым. Одан кейін Алматы Жоғары партия мектебінің журналистика бөлімінде білім нәрімен сусындадық. 1984 жылы оқуымды аяқтаған соң Орталық партия комитеті мені жолдамамен Шығыс Қазақстан облыстық «Коммунизм туы» (қазіргі «Дидар») газетіне жіберді. Араға 2-3 айдай уақыт салып, жергілікті радиоға ауыстым. Ол кезде радиода кадр тапшылығы қатты сезілген болатын. 3 жыл сонда білек сыбана қызмет еткен соң, еңбек жолым басталған баспаға қайта оралдым.

1990 жылы Қазақ баспасөзінің қара шаңырағы «Егемен Қазақстан» газетіне жұмысқа орналасып, ширек ғасырға жуық мерзім бойы меншікті тілші болдым. Еліміздің бас газетінде Елбасының Кенді Алтайға жасаған сапары жайлы талай мақала жазып, туған елдің көз тоймас табиғаты, қолтаңбасы ерекше адамдары мен дамыған қуатты экономикасы жайлы қалам тербедім.

Спорт тақырыбында қалам тербеуіңізге не түрткі болды?

Оқушы кезімде дойбыға қатты әуес болған едім. Студент болып жүріп ҚазМУ-дың чемпионы атандым. Сонымен қатар, стол теннисіндегі көрсеткішім көңіл көншітерлік еді. Ауыр атлетика секциясына да қатыстым. Жалпы спортқа деген көзқарасым бала күннен-ақ ерекше болды. Бәлкім, содан ба екен, спорт менің сүйікті тақырыбыма айналды. Еңбек жолымда 6 жазғы және қысқы Олимпиада ойындарына, 2 Азиада мен 5 Әлем Чемпионаттарына қатыстым. Алғашқы сапарым – 1998 жылы Франция елінің астанасы Париж қаласында өткен футболдан Әлем чемпионатынан басталды. Содан бері тілші ретінде 30-дан астам мемлекетті шарладым. Сидней Олимпиадасында бокстан жартылай жеңіл салмақта қарсыластарының тізесін бүгіп, белін үзген Бекзат Саттархановтың жеңісін тамашалап, фотосуретке және бейнежазбаға түсірдім. Жеңіл атлеттер жарысында 100 метрлік қашықтықта жеңімпаз атанған Ольга Шишигинаның триумфын тікелей көру бақыты да бұйырды. Сонымен қатар, Илья Ильиннің Пекин мен Лондонда екі рет Әлем чемпионы болғанын көзбен көрдім. Алтын айды аспаннан алып, қазақ елінің атағын күллі жұртқа асқақтатқан зілтемірші қазір саясаттың құрбанына айналып отыр ғой. Әйтпесе, сол уақытта жанында бірге жүріп, оның допинг қабылдағанын бірде бір рет көрген емеспіз.

Турин. 2006 жыл

Тілі мен ділі бөлек елде жүргенде қандай қызықты оқиғалар болды?

Жолымыз түсіп Қытайдың астанасы Пекинге келдік. Күнде «құс ұясы» деген 80 мың адамға арналған стадионға жарысқа келіп жүреміз. Жарыстан соң жүрек жалғау үшін тамақ ішуге барамыз. Бір күні осындай қалыптасқан әдет бойынша жақын маңдағы дәмханалардың біріне бас сұқтық. Көңіл-күйіміз керемет. Журналистермен бірге грек-рим күресінен Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров пен жоғары ұлттық дәрежедегі төреші Несіп Жүнісбаев та бар. Бәріміз үстел басына жайғасқан соң тапсырыс бермекші болдық. Ойлана келе тұшпара алайық дедік, алайда арамыздағылардан ешкім қытайша да, ағылшынша да білмейді. Даяшы біздің «тұшпара», «пельмен» деген сөздерімізді ұғар емес. Сол уақытта Жақсылықтың құлағына көзім түсіп кетті. Қарасам – құлағы дәл тұшпара сияқты мыж-мыж екен. Сөйтіп, даяшыға оның құлағын көрсетіп едім, ол бірден түсініп дастарқанға тұшпарамызды алып келді. Тағы бір айта кететін қызықты оқиға 1998 жылы Парижде болды. Қасымдағы әріптестерімнің бірі қалтасындағы 600 долларды ұсатпақшы болып, сауда үйіне барады. Ондағы бір сатушы қулыққа салып, оның 600 долларын 60 доллар қылып ұсатып берді. Досымыз алданып қалғандығын біраздан соң ғана білді. Шет мемлекеттерде жүріп осы сияқты талай қызықтарды бастан кешірдік. Италияның Турин қаласында жалғыз өзім қонақ үйімді таба алмай адасып кеткен кезім де болған.

Қай ел есіңізде ерекше қалды?

Жүрегімнің төрінен орын алып, ұмытылмас шақтарды сыйлаған – Австралиядағы Сидней Олимпиадасы. Жер көлімі жағынан 6-шы орын алатын мемлекет дамыған елдердің бірі. Мұхит асып, табанымыз тиген Сидней қаласы керемет сұлу, ерекше әсем. Оның үстіне барлық спорт объектілері бір-біріне жақын орналасқан. Сайыстарға жаяу барып-келіп жүрдік. Ең алыс барған жеріміз 16 шақырым қашықтықтағы 110 мың орындық орталық стадион болды. Байқауымызша, Австралияда қазақтар көп тұрады екен. Сол Сидней қаласы әлі күнге дейін көз алдымда.

Әлемге әйгілі қандай спортшылармен жүздестіңіз?

Азуы алты қарыс Майк Тайсонды жеңіп, оның құлағын тістеп алған Эвандер Холифилдпен, еркін күрестен 3 дүркін Олимпиада чемпионы Бувайсар Сайтиевпен, грек-римнен 3 дүркін Олимпиада чемпионы Александар Корелинмен, талай рекордтарды жаңартқан Әлем және Олимпиада чемпионы, атақты ирандық зілтемірші Хусейн Резазадемен, ауыр атлетикадан 3 дүркін Олимпиада чемпионы болған түрік спортшысы Халиль Мутлумен және тағы да көптеген атақтары жер жарған, тұғыры биік спортшылармен кездесіп, фотосуретке түстім.

Бейжің. 2008 жыл

Отбасыңыз туралы айта кетсеңіз…

Жұбайым Жүрсін Төлегенқызы жоғары санатты мұғалім болып еңбек еткен. Кезінде орыс мектептерінде қазақ тілінен сабақ берген. Қазір зейнет демалысында. Райхан, Әсем есімді екі қызымыз бар. Олардың екеуі де Астанада қызмет етеді. Балдан тәтті, мамықтан жұмсақ, күннен жарық көретін бір немереміздің қызығын көріп келеміз.

Ел білмейтін тағы қандай қырларыңыз бар?

Қазақтың қара домбырасын күнде құшақтап жатамын. Сыныптастарымыздың елу жылдық кездесуінде қолыма домбыра алып шерте жөнелген кезде, олар маған «саусақтарың әлі де қатпапты ғой» деп таңқалысты. Баяғыда 50 шақты күй білетінмін, бірақ қазір олардың біршамасы ұмытылып қалды. Студенттік шақта ансамбль құрып өнер көрсеткен кезіміз де болған. Партия мектебінде оқып жүргенде оркестр де басқарғанмын.

Қазақ спортының келешегіне қандай баға бересіз?

Кеңес Одағы кезінде біздегі спорт базасы мықты болды ғой. Тіпті АҚШ-пен бірге алдыңғы қатарда тұрды. Ал қазір өкінішке қарай, елімізде спорт жеңімпаздарының ізбасарларын даярлау нашар жағдайда. Мысалы, Риода жүз метрге жүзуде жеңіс тұғырынан көрінген Дмитрий Баландинді алайық. Оның нәтижесін қайталайды-ау деген ізбасарлар жоқтың қасы. Ал АҚШ-ты, Австралияны қараңызшы, бір қашықтықта жүзетін жиырма шақты спортшылары бар. Бізде неге осыны қолға алмасқа? Дәл осындай жағдай Ольга Шишигина кезінде де болды. Оның жеткен жетістігіне әлі күнге дейін қол жеткізген ешкім жоқ. Әсіресе қазақ жастарын суға жүзуге, жеңіл атлетикаға тәрбелеу керек деп есептеймін. Сондай-ақ, балабақшадағы спорт мәселесін көтерген дұрыс. Көрші Қытайда балаларды 3-4 жастан бастап спортқа баулиды екен. Біз болсақ есейіп, буыны қатқан кезде тәрбиелеп жатамыз. Ол дұрыс емес. Кеңес заманында әр совхозда спорт нұсқаушысы болды. Неге осыны қайта ашпасқа? Биік шыңды бағындырған спорт серкелерінің көбісі ауылдан шыққан. Сондықтан ауыл спортына көп көңіл бөлу қажет. Шетелден бапкерлер шақыру да спорттың дамуына үлкен септігін тигізеді.

Соңыңыздан ерген жас журналистерге айтар ақыл-кеңесіңіз қандай?

Журналиске ең бірінші жылдамдық керек. Алған ақпаратты лезде жазып жіберген дұрыс, себебі ескірген ақпараттың еш құны болмайды. Одан соң көп оқып, білім алудан шаршамау қажет. Мысалы, жазушы Қалихан Ысқақты бәрі екі аяқты энциклопедия дейтін, себебі ол кез келген тақырыпты шемішкедей шағып тұратын еді. Тілшінің кез келген саладан хабары болғаны жөн.

Әңгімеңізге рақмет! Жазарыңыз таусылмасын!

Біздің анықтама

Қазақстан Жазушылар одағының және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Өскемен қаласы мен Зайсан ауданының құрметті азаматы Оңдасын Елубай – 1950 жылы 22 мамырда Зайсан ауданының Саржыра ауылында дүниеге келген. 20 жыл облыстық «Дидар» газетінде, 24 жыл «Егемен Қазақстан» газетінің Шығыс Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі болып қызмет атқарған. «Шымыр келер Шығыстың ұл-қыздары», «Алтайым – алтын тамырым», «Аялайық Алтайды», «Жанарымда – жасыл құрлық», «Аламан-Париж-Сидней: саңлақтар самғауы», «Ежелгі Эллада елінде», «Турин тағлымы», «Жүрегімде жастықтың ізі қалды», «Күлімдеген күншығыс елінде», «Алашты асқақтатқан Азиада», «Жеңіс жалауын желбіреткен жетеу» және т.б кітаптардың авторы. 50 жылдық еңбек жолында – Қазақстан Республикасының Құрмет Грамотасымен, «Қазақстан спортына сіңірген еңбегі үшін» медалімен, «Құрмет» орденімен, ҚР Мәдениет және ақпарат Министрлігінің Құрмет Грамотасымен марапатталған.

Талғатжан МҰХАМАДИЕВ