Өскемен, Алтай, Риддер қалаларының тұрғындары қаржы пирамидасынан зардап шекті

147
көрілім
Фото 7152.kz сайтынан

Тұрақты түрде түсіндіру жұмыстары жүргізілгенімен, өңірде тез байып кетемін деп алаяқтарға ақшасын беріп, алданып қалатындар көп, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі тілшісі.

2023 жылы ШҚО Экономикалық тергеу департаменті Қытай азаматы алаяқтықпен ұйымдастырған Chia Tai қаржы пирамидасын анықтады. Азаматтарды алдау үшін дәрі-дәрмек пен биологиялық белсенді қоспалар саудасын сылтау еткен. 

- Бұл пирамиданы ұйымдастырушылар Telegram желісі арқылы фармацевтикалық компания атын жамылып, облыста 234 адамды тартқан, - деді ШҚО бойынша Экономикалық тергеу департаментінің басшысы Айдын Молдабеков. - Келтірілген шығын көлемі 390 миллион теңгеден асады. Қылмыстық іс аяқталып, сотқа жолданды. Қаржы пирамидасына ақша құйғандардың басым көпшілігі Өскемен, Зайсан, Риддер, Алтай мен Катонқарағай аудандарының 20 мен 60 жас аралығындағы тұрғындары. Олар табысы орташа, жоғары білімі бар мұғалімдер, дәрігерлер және зейнеткерлер.

ЭТД мамандары қаржы пирамидасын тануға болатын белгілерді назарға ұсынды. Қазіргі таңда компания күмән мен күдік тудырса, оны тексеруге мүмкіндік бар. Қаржы мониторингі агенттігі Telegram қосымшасында Baiqa,piramida! @BAIQApiramidaBOT атауымен бот жасады. Ботқа күдікті компанияның веб-сайтының, Instagram, ВКонтакте желісінің немесе Telegram арнасының сілтемесін енгізу жеткілікті.

Сондай-ақ Қаржы мониторингі агенттігінің @afm_insider_bot боты арқылы экономикалық құқық бұзушылық туралы анонимді түрде хабарлау мүмкіндігі бар.