Өскемен қаласындағы Молдағұлова көшесіне қатысты түйіні табылмаған мәселе көп

981
көрілім
Өскеменнің іргесінде Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлова атындағы көше бар. Жуықта газет редакциясына хабарласқан көше тұрғындары хабарласып, көше бойында аялдама орнатылмағанын, қала орталығына екі автобуспен жетуге мәжбүр екендерін айтып шағымданды. Газет тілшісі мәселенің мәнісіне үңіліп көрді.
«Соқыр ішек» тәріздес орналасқан бұл жаңа көше Энтузиастов көшесінің бір тұсынан шамамен 500 метрге жуық жерге дейін созылып жатыр. Мұнда бір кішігірім кент шоғырланғандай.
Есігі жабық аялдама
Ағымдағы жылдың шілде айында Молдағұлова көшесіне жылы аялдама орнатыпты.
Орнатқан аялдамалары желмен ұшып кеткен болатын, – дейді көше тұрғындары. – Қайта орнына қойған кезден бері есігі жабулы күйде тұр.
Қарашадан бастап суық түсті, артынан аяздатып желтоқсан жетті. Ал аялдама есігінің ашылар түрі жоқ. Балабақшаға, мектепке баратын балалар автобусты далада күтіп, тоңып қалады екен.
Аталған аялдаманы өз көзімізбен көріп қайттық. Есігі жабық тұр. Шынын айтсақ, аялдаманың ішінен де, сыртынан да жабық ұстауға себеп болар жайтты байқамадық. Маңында дірдектеген тұрғындар автобус күтуде. Ұзақ күтті. Бірақ бұл бөлек мәселе. Қалалықтар үшін орнатылған аялдаманы халықтың пайдалана алмауы қалай?
«Қала орталығына екі автобуспен барамыз»
Қандай автобусты күтіп тұрсыздар? – деп сұрадық біз бет-аузы домбыққан тұрғындардан.
– №33 автобусты күтіп тұрмыз, – деп жауап берді егде жастағы әйел адам. – Бұл жерге №33 автобус қана жүреді. Одан бөлек №26 автобус бар.
Аталған екі автобус та Молдағұлова көшесі аяқталған тұстағы соңғы аялдамаға бұрылады екен. Содан кейін ғана қайта қала жаққа беттейді.
Облыстық балалар ауруханасында тіркеудеміз. Бірақ сол жерге жету үшін көлік ауыстыруға тура келеді. Бүлдіршіндерге қиын. №26 автобус Ана мен бала орталығы арқылы өтетін болса ғой, – деген ұсыныстарымен бөлісті тұрғындар.
Айта кететін тағы бір мәселе, бұл тұстағы үйлер ойыс пен дөңестердің үстінде орналасқан. Қыс кезіндегі көк тайғақ көліктердің де, жаяу жүргіншілердің де қозғалысына жиі қиындық туғызады. Өрде орналасқан үйлердің алдында маңы қоршалмаған балалар ойнайтын алаңдар бар. Мұндай жерде баланы ойнату да аса қауіпті.

«Қабаттасып кетпеуін қадағалаймыз»
Қалалық әкімдіктің мұның барлығына айтар жауабы бар. Қалалық тасымалдаудың маршруттық желісі, маршруттардың барынша аз қайталануларын, сондай-ақ бір машруттың үстіне екінші машруттың қабаттаспауын қамтамасыз ете отырып қалыптастырылады екен. №26 маршруттық қозғалыс бағытын өзгерткен жағдайда ол қолданыстағы № 46, 60 машруттарымен қабаттасады. Аталған №26 «Заводская-Металлург-2» маршрутында 8 автобус жұмыс істейді, олардың қозғалыс аралығы 10-11 минут. Әкімдік жолаушылары ағымының көп болмауына байланысты өз жолаушылары бар жүйеленген маршрутты «ОБА» ауданына қарай бағыттау мақсатқа сай емес деген шешімге келіп отыр.
Дегенмен Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Е. Қоңырбаев Молдағұлова көшесіндегі аялдама апта соңына дейін іске қосылады деп уәде етті. Ал көктайғақ мәселесіне келер болсақ, бұл көшедегі мұздан тазарту жұмыстары белгілі бір нормаға сәйкес жүргізіледі екен.
Мадина ҚАЙНАРОВА