Өскеменде Букросинг аймағы ашылды

361
көрілім

Жуықта Оралхан Бөкей атындағы қалалық орталық кітапханада Букросинг атты кітап алмасу акциясы өтті. Бұл жоба Қазақстан республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің гранттық қаржыландыру аясында «Social Development Center» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен Қазақстанның 17 қаласында өткізілуде, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Кітап – атадан қалған асыл мұра. Көненің көзі, ескінің сөзі. Заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтың сөзімен айтсақ, кітап-әр адамның өмірлік досы. Бүгінгі шараның мақсаты – жастарды кітап оқуға баулу. Сол арқылы кітапта бұғып жатқан рухани қазынамызды, құндылықтарымызды қайта жандандырып, сана-сезімімізді серпілту.

- Букросинг сөзі ағылшын тілінен аударғанда кітаптың айналасында жүру деген мағынаны білдіреді. Бұл жоба ең алғаш 2001 жылы АҚШ-та пайда болған. Кейіннен Қазақстанға тек 2009 жылы ғана келді. Осы жобаның Шығыста өтуіне мұрындық болып отырған Жастар ресурстық орталығына және Оралхан Бөкей атындағы кітапхана басшылығына алғысым шексіз. Бұл жоба жастардың кітап оқуға деген ынтасын оятуға оң әсерін тигізеді, - дейді «Social Development Center» қоғамдық қорының өкілі Асхат Байтөре.

Кітап алмасудың шарттары өте оңай. Өзіңізбен бірге оқылған немесе үйіңізде тұрған кітапты алып келіп орнына Букросинг аймағынан өзіңізге ұнаған кітапты ала аласыз. Кітапты оқып болғаннан кейін қайтадан алып келіп басқасына алмастыра аласыз. Өскемен қаласында Букросинг кітап сөрелері С. Аманжолов атындағы мемлекеттің университетінің 7-оқу ғимаратында, Қазақстан - Американдық Еркін Университеті колледжінде және Оралхан Бөкей атындағы қалалық кітапханада қойылған.

- Кітап тегін ақылшы, тегін кеңесші. Кітап оқу жарнамалауды қажет етпейді. Саналы адам кітап оқуы керек. Біз кітап оқу мәдениеті жағынан шетелдермен салыстырғанда үлкен алшақтық жатыр. Мысалы Жапонияның өзінде газет күніне үш уақыт шығады екен. Ал бізде бұл көрсеткіш әлдеқайда төмен. Сондықтан жастарды кітап оқуға, кітаптағы ілімге үңілуге шақырамын, - дейді «Егемен Қазақстан» газетінің Шығыс Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі Азамат Қасым.

Таунар ҚАЙРАТ