Өскеменде есу слаломынан Азия чемпионатында жүлде алған спортшыларды қарсы алды

205
көрілім
Фотосуреттер автордікі

Жерлестеріміз Тайландтың Паттайя қаласында өткен құрлықтық додада түрлі медальдар жиынтығын иемденіп қайтты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Спортшылардың айтуларынша, қазір қытайлықтардың қарқыны қатты. Әр қашықтықта қамшы басып, көш бастауға деген құлшыныстары жоғары болған. Спортта дарынды балаларға арналған мектеп-интернатта есу слаломынан бапкер Екатерина Смирнованың сөзінше, осы жолы ауқымды аламанға жасөспірімдер, жастар және ересектер түгелдей қатысып қайтты. Дегенмен ең төменгі санат 18 жасқа дейінгілер. Әрі қарай 23 жас дейінгілер, сосын ересектер. Облыстан ел құрамасы сапында 20-ға тарта спортшы өнер көрсетті. Қуанарлығы сол, соның барлығында жүлде алып, кей спортшы топ жарды.

– Бұл жолы екі алтын, үш күміс және бір қола медаль иелендім. Барлығы жоспарға сәйкес өтті. Қойылған межені орындай білдік.. Командалық есепте нешінші орын иеленгенімізді дөп басып айту қиын. Себебі, Қытай мен біздегі медаль саны қарайлас. Негізгі қарсыластарымыз да сол Қытай, Тайланд, Тайпей елдерінің спортшылары. Өзбекстан да соңғы жылдары дайындықты күшейткен. Азия чемпионаты алдында бір айдай Дубайда дайындық жүргіздік. Жарыс өткізетін әр мемлекеттің ауа райы әркімге түрліше жағады. Осы ретте біз Тайландқа екі апта бұрын бардық. Қазір ағзамыз мұндайға үйренісіп алды, – деді Қуаныш Еренғайыпов.

Бастысы, спортшылар сөреге тізілгенде ішкі толқыныстарын жеңіп, жергілікті ауа райына әбден бой үйретіп үлгерді. Төреші белгісінен соң барлығы слалом кезінде шешілді. Сәтті өнер көрсеткен жерлестеріміз алда Әлем кубогі кезеңдеріне дайындықты бастайтындықтарын жеткізді. Қуаныш Еренғайыпов сияқты атлеттердің кейбірі құрлықтық жарыстарға тұрақты түрде қатысып келеді. Жүлдесіз қайтқан кездері сирек.

– Бұл менің жетінші Азия чемпионатым. Әр бәсеке сайын нәтижемді жақсартуға тырысамын. Бапкер тапсырмасын бұлжытпай орындап, ел сенімін ақтауға барымызды саламыз. Жаттықтырушыларымызға алғыс білдіргім келеді. Сапалы әзірліксіз көрсеткіш те жоғары болмайды. Осыған дейін қатысқан сайыстарымызды сараласақ, биыл өтетін Олимпиадаға жолдама бұйырмады. Іріктеуде төртінші орынмен шектелдік. Бірінші орын иеленген жапон спортшылары Париж төрінде өз мүмкіндіктерін байқайды. Бірақ келесісіне жолдама алу үшін жаттығуды үзбейміз, – деді Қуаныш.

Қуаныш Еренғайыпов

Ескекшілерді күтіп алуға олардың ата-аналары мен туыстары келді. Паттайяда чемпион атанып қайтқан Иманғали Мәмбетовтің атасы Мәмбет Түгелов немересін әркез мақтан тұтатынын, бұдан да жоғары жетістікке жетуіне тілеулес екенін жеткізді.

– Бұл да ірі жарыс. Облыс, ел намысын абыроймен қорғап қайтты. Бастысы, жарақат алмай, денсаулықтары сыр бермесе дейміз. Қазақстан топырағында талай мықтылар шығатынына сеніміміз мол, – деді ақсақал.

Жат жерде 18 жасқа дейінгілер арасында да, ересектер сапында да бар мүмкіндігін паш еткен Влада Тараданова қазір нағыз бабында. Айтуынша, осы бәсеке ерекше сәтті өтті.

– Жуық арада ел чемпионатына жаттығуды бастаймыз. Алда маңызды додалар аз емес. Бұл жолы командалық есепте алтын, жекелей сын мен қысқа қашықтықта екі күміс жүлдеге қол жеткіздім. Негізгі екі қашықтық бар. Классикалық толық слалом мен қысқа слалом. Осыларда алтынға сәл жетпедім, – деді ол.

Екатерина Смирнованың айтуынша, Азияның әр түкпірінен келген барлық команда айтарлықтай бәсекелестік танытты. Кейбірі жерлесіміз осы сында мол тәжірибе жинақтады. Үш жас ерекшелігі бойынша бір мезетте жарыс жолына шығулары алда облыс құрамасын нақтылап бекітуге тамаша мүмкіндік болды. Жасөспірім болса да, жастар арасында үздік нәтиже көрсеткендері бар.

– Биылғы Азия чемпионатында үш жас ерекшелігі тұңғыш рет біріктіріліп, бір жарыс аясында үздіктер анықталды. Көп спортшы апарсақ та, нәтиже ойдағыдай. Әлі де қателіктермен жұмыс істейміз, бастысы даму бар. Бұл жолы өңірімізден 19 спортшы құрама сапында ел намысын арқалады. Осы бәсекеде алтын медальдар саны бойынша рекорд орнаттық. Не де болса, маусым енді басталды. Бір жарыспен босаңсуға болмайды. Жасөспірімдер облыс және Қазақстан чемпионатына, Ұлттық құрама мүшелері Әлем кубогі мен халықаралық жарыстарға дайындықты бастайды, – деді бапкер.

Екатерина Смирнова

Екатерина Смирнова Олимпиада ойындарына қатысты ойын ортаға салды. Сөзінше, жаңа циклге тыңғылықты әзірліктің бөгеуі ағытылады. Алдымен құрлықтық сайыстарда топ жарып барып, одан кейін ірі додалар туралы сөз қозғауға болады.

– Қазір Қытай мықты. Біз көбінде солармен иық тірестіруге тырысамыз. Айталық, осы жолы оларды өкшелеп қана қоймай, кей тұста қапы қалдырдық. Командалық есепке тоқталсақ, жалпы ақпаратпен қорытындылау қиын. Себебі, әр жас ерекшелігінде бақ сынаған спортшының өз рейтингісі бар. Жүлде саны мол. Бірақ оларды жекелей, тиісті талапқа сәйкес санау қажет, – деді Екатерина Смирнова.

Жүлденің көптігінен бапкер шәкірттерінің қанша алтын, қанша күміс және неше қола медаль алғандарын нақты айта алмады. Жанкүйер тұрғысынан бұған қуанбай қою мүмкін емес. Шынында да, әр атлеттің мойынында бірнеше медальдан ілінген. Көздерінен сенім байқалады. Жалпы, Қазақстан, Қытай, Тайланд, Өзбекстаннан бөлек, додаға Малайзия, Моңғолия, Оңтүстік Корея сынды елдерден келіп қатысқан. Бапкер көптің қуанышына шомылған спортшыларды қарсы алуға келген жанкүйерлерге, спорт орталықтарының өкілдеріне ризашылығын білдірді.

– Облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасы өкілдерінен бастап, ата-аналардың көбі келген екен. Бәлкім, қашықтан баласы үшін тақым қысқан олардың дұға-тілектері қабыл болған шығар. Есу слаломына қызығушылар саны көп. Қазіргі уақытта Өскемен мен Риддерде бөлімдер жұмыс істейді. Егер мұны одан әрі дамыту жоспарланса, кәдімгі таудан ағатын өзендерге барып дайындалуға болады. Бірақ жарыс өткізу қажеттілігі туындаса, алдымен ұялы байланыс жақсы болуы керек. Кей елдерде ағысы баяу өзендерде де жаттығу жасайды. Қалай десек те, ең алдымен есу каналы салынбай, мұны дамыту қиын. Осы жағы қолға алынса, халықаралық ареналарда атой салуға жасалған сенімді қадамдардың бірі болар еді, – деді бапкер.

Спортшылар қазір бар мүмкіндікті пайдаланып, жарыстарға қатысып жүр. Оқу-жаттығу жиындары басталса, басқа елдерге барады. Екатерина Смирнованың айтуынша, осы жөнінде талай жерге барып ұсыныс та айтты. Әзірге қолдау таппаған көрінеді. Әр жылы медальді молынан әкеліп жүрсе, өтінішті тыңдайтын жандар табылып қалар.

Әділхан ЕСІМХАНОВ