Өскеменде фристайл-могулдан әлем кубогінің жүлдегері Павел Колмаковты күтіп алды

107
көрілім

Жуықта Алматыда жаһандық жарыс өтіп, жерлесіміз тұғыр биігіне көтерілген еді. Бүгін жақындары мен жерлестері әуежайдан күтіп алып, жан-жақты құттықтауларын жеткізді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Бірден айта кетейік, Колмаков жекелей сында емес, параллельді могул бәсекесінде күміс медальға ие болды. Қарсыластары шеттерінен тәжірибелі, тісқаққан. Мұны спортшы да берген сұхбатында айтып өтті.

Жасыратыны жоқ, жерлесіміз қазір құрама үздіктерінің бірі. Өскемендегі қысқы спорт түрлері бойынша жоғары спорт шеберлігі мектебінің тәрбиеленушісі. Алматы төріндегі аламанда жекелей сындағы сайыста жүлдеге ілікпесе де, жұптық могулде бар мүмкіндігін паш етті. Жартылай финалда финн спортшысы Севери Виореладан басым түсіп, шешуші сынға жетті. Дегенмен ол жерде атағы алысқа кеткен канадалық Микаель Кингсбериге есе жіберіп, екінші орынға жайғасты.

– Алтын медаль алғымыз келді. Одан асып түсетін жүлде жоқ қой. Дегенмен ол межеге сәл жетпеді. Оқу-жаттығу жиыны бәрі сәтті өтті. Ұйымдастырылуы керемет, ауа райы да қолайлы болды. Жарысқа жоғары дайындықпен бардым. Фристайл спорты әр елде дамып келеді. Қазіргі уақытта Азия көлемінде Икума Хоришима, әлем бойынша Микаель Кингсбери негізгі қарсыластарым. Әзірге маусым бітті. Сәл тынығып алмақпыз. Күш-қуат жинап, келесі маусымға дайындалу керек, – деді Колмаков.

Әділхан ЕСІМХАНОВ