Өскеменде "Көлеңке" қойылымы көрерменге жол тартты

1173
көрілім

Облыстық Қазақ драма театрының актерлері көрермендерді кезекті тұсаукесермен қуантты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Театр өнерпаздарының тосынсыйы екі күнге жалғасты. Кейде эксперимент жасап тұру да ұтымды әдіс. Ендеше бұл спектакль дәл осы бағытта, мәдениет ошағы көрермендеріне сахна туындысын жаңа қырынан көрсетуге бағытталды. Меймандар жиналғанға дейін қосылған классикалық музыка дүйсенбінің қарбаласын алдын ала тежеп, салған жерден көңіл иіріміне ойыстырды. Негізгі идея - дүние-керуен қым-қуыт шақты сезініп үлгермеген жастар мінезінің сәт сайын құбылып, өзгеріп сала беруі. Әсіресе, "Бізде шаруаларың болмасын! Біздің жолымыз бөлек, мақсатымыз басқа" деп ересектер тарапына қарата айтылған зілді лепес қазіргі қоғам ағымын айна-қатесіз айшықтап тұр. Бұл ретте қойылым режиссері Дос Құбаш өмір ағысында күнделікті кездесетін өткір мәселелерді бір мезетте қамтыды. Жастар арасында үлкендерге деген құрметтің жоғалуы, құқық қорғау саласындағы сыбайластық, қала берді қателікті кешірмейтін қатігез өмір.

Осының барлығы бас-аяғы 50 минут ішінде сахналанып, небір эмоциялар мен шиеленісті сюжет әркімнің болсын ойын сан-саққа жүгіртті. Қу құлқынның құлы болған ұрпақ белгісіз бағытқа жетелейтін дүние-мүлік, ақшаның соңына түсіп, ардан аттайды. Тендер төңірегіндегі былықтың соңы қазір де жиі құлағымызға шалынуда. Ал мұның артында ластанған көңіл мен уланған сана тұр. Ол аздай жастар арасында құлашын кеңге жайып бара жатқан діннің де теріс әсері анық көрініс берді. Ал спектакльдің бел ортасынан аса бергенде құқық қорғау саласындағы сыбайластық та көрініс берді. Ең сорақысы сол, пайдаға шаш-етектен кенелудің бірден-бір жолы деп білетін бәз-біреулер ірі көлемдегі есірткі тасымалдауды тиімді әдіс деп біледі. Жарқын болашақ пен қамсыз өмірге көлеңкесін түсіретін де осы жайттар. Қоюшы-режиссер Дос Құбаштың айтуынша, әзірлікке небәрі 13 күн жеткілікті болған.

– Актерлер өнеріне дән ризамын. Әрбірі образдарын алып шығуда шашау шығармады. Бұл эксперимент ретінде қолға алынған спектакль. Бағасын халық бере жатар, – деді ол.

Айта кетейік, Дос Құбаш Үржар ауданының тумасы. Алдағы уақытта көрермендерді басқа да туындыларымен қуантатындығына бек сенімді.