Өскеменде Қыдыр Атаның үйі ашылды

297
көрілім
Фотосуреттер автордікі

Қаладағы Солжағалау мұражай-қорық кешенінде  Наурыз  мейрамына арналған іс-шаралар ұйымдастырылып, көпті елең еткізген жаңалықтардың бірі Қыдыр атаның үйі ашылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Әз-Наурыз қарсаңында аталған кешен аумағында қызықты шаралар бірінен соң бірі жалғасты. Мұның мақсаты сол, ұрпақтар мен дәстүрлер сабақтастығының символы ретінде ұлттық құндылықтарды дәріптеу. Салтанатты жиынға облыс әкімі Ермек Көшербаев қатысып, шаһар жұрты мен меймандарға жылы лебізін білдірді.
- Сіздерді Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Әр жылы ерекше форматта атап өтіп келеміз. Отбасыларыңызға амандық, татулық тілеймін, - деді Ермек Беделбайұлы.


Саябақтың орталық алаңында көрерменге арналып шығармашылық ұжымдар мен жеке орындаушылар ән шырқап, көркем билерден тарту ұсынды. Меркелік думанға ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Абдуллин де арнайы қонақ ретінде шақырылды.
Бағдарлама аясында алаңда қазақы нақышта өрнектелген киімдер, ұлттық тағамдар және қолөнер шеберлерінің туындылары қойылып, келушілерді таң-тамаша етті. Бұдан бөлек, қазақы спорт түрлері кеңінен насихатталды. Балалар мен жастар садақ атып, арқан тартудан кім мықтыны анықтады.


- Бұл мереке өңірдің қонақжайлылығын сезінуге, ұлттық салт дәстүріміздің тарихын насихаттауға, сондай-ақ қала халқының биылғы Наурызды естен кетпестей етіп өткізуіне өз септігін тигізетіндігі анық, - деді қала тұрғыны Санжар Елубай.
Мұнымен қоса, басты оқиғалардың бірі ретінде Қыдыр ата үйінің ашылуын айта кетуге болады. Ұлттық ою өрнекпен көмкерілген Қыдыр ата үйінің ашылуында өнерпаздар дәстүрлі киім киіп, ұлттық аспаппен әуелете ән шырқап, ақ жаулықты әжелер шашу шашты. Кейбірі тілектерін жазып, риясыз сенімдерін білдірді.
Нұрдәулет ҚАЛИБЕКОВ